Ата заңымыз – еліміздің тұрақтылығының кепілі
Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, ҚХА мүшесі
Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 1995 жылдың 30-тамызынан бері биыл 26 жыл өтіпті.
Қазақстан Конституциясының басқа елдердің Конституциясынан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында. Конституцияға алғашынан азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен ажырамас құқықтарына қатысты да нормалар енгізілді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Заман талабына сай Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырап отыратыны заңдылық. Әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жаңа дәуірге қадам басқан уақыттан бері Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Айналасы 26 жылдың ішінде бірлігі жарасқан, өзге дамыған елдермен иық тірестіре қарыштап келе жатқан мемлекетке айналып отырмыз. Оның барлығы осы уақтылы, дұрыс қабылданған Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің толық қамтылғанын айғақтайды.
Айтулы күн – Ата Заңымыз мерекесіне орай, берекесі мен бірлігі мықты Жамбыл облысының тұрғындары әрбір мерекені қалт жібермей, атап өтуші ек. Қоғам үшін қызмет етіп отырған азаматтар әр мерекенің толыққанды, жақсы өтуіне мұрындық бола отырып, жіті назарда ұстайтын және бұған облыс әкімінің де, жұртшылығының да қосар үлесі зор.
Конституция күні осымен екінші жыл қатарынан ерекше саябыр форматта атап өтілуде, себебі бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде сақтық шараларын сақтай отырып, жұрт аяғын аңдап басып, әрбір мерекені бұрынғыдай көтеріңкі көңіл-күймен өткізе алмай жатыр. Егемен еліміздің, қала берді облысымыздың өркендеп, даму жолында аймақтық ассамблеяның да қосып жатқан үлесі аз емес. Жалпы ассамблея мүшелерінің қай-қайсысының болмасын, қоғамдық іс-қимылдарынан бөлек, өзіндік жеке кәсіпкерліктері мен басқа да шағын бизнестері арқылы облыс игілігіне жүргізіп отырған жұмыстары да айтарлықтай. Мәселен, біреуі егін салса, біреуі жергілікті халықты саудамен қамтамасыз етіп отыр, енді бірі дәрігер боп, ел басына қиындық туған уақытта жұртқа көмек беріп, кенде болып отырған дүниелерін тауып беріп, елге қамқорлық жасауда. Мұндай азаматтардың қатарында Ғұлам Умаров, Руслан Исмазов, Зайнуддин Махусеев, Махмутжон Давришев, Юрий Минаков, Абдрахман Зайнутдинов сияқты ер-азаматтардың аттарын ауыз толтырып айта аламын. Шынтуайтқа келгенде облысымызда текке жатқан бір тілім жер жоқтың қасы және қол қусырып тыныш отырған жұрт та жоқ, бәрі де дәйім тірлік үстінде. Одан өзге, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та облыс өркениеттілігіне қатысты және аудандарға жасаған жұмыс сапарлары барысында ауылшаруашылық экономикасын дұрыс дамыту бойынша жобаларын жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, Әулие Ата өңірінің тұрғындары, оның ішінде ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктері де тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі егемендігіміздің тірегі болған Конституция күнін елде орын алған қолайсыз жағдайда ойдағыдай жоғары дәрежеде атап өткізе алмаса да, облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшылығымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бекіткен жоспар бойынша өзіндік іс-шараларын карантин режиміне қарамастан оңтайлы атап өтпек. Шама-шарқынша әлеуметтік желілермен қарқынды жұмыс жасап, қайырымдылық іс-шараларын жүзеге асыруда. Соның бірі – өзім, басқарып отырған Ұйғыр этномәдени орталығымның атынан жуық арада Конституция күніне орай, ковид ауруына шалдығып, өмір үшін күресіп жатқан жандар мен жергілікті диспансерлердің медицина қызметкерлеріне қайырымдылық акциясын жүргізбекші боп жоспарлап отырмыз.
Конституция күні халықтық мереке болғандықтан, барлық отандастарымызды осы айтулы мерекемен құттықтай отырып, биылғы ерекше жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктер мен абыройымызды одан сайын асқақтату үшін әрқайсысымыз талмай еңбек етіп, ынтымағымызды мықтай түсу керекпіз демекпін барша этномәдени бірлестіктеріне және өзімнің Жамбыл өңірімнің халқына! Жаратқан иеміз қиналған жұртқа көмек берем деген әрбір қазақстандыққа күш-қайрат, мейірімді жүрек берсін! Еліміздің тұрақтылығының кепілі – бірлігіміз бен тірлігімізде!
Ендеше, ел аман, жұрт тыныш, Ата заңымыздың мерейі үстем болсын!