Қарашай-Балқар халқының қуғын-сүргінге ұшырауы

Қарашай-Балқар халқының қуғын-сүргінге ұшырауы және

Қазақстанға жер аударылуы

Анам айтатын…

(Естелік әңгіме)

Мен қуғын-сүргінді,зобалаңды көрген жоқпын. Менің анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызы қарашай қызы 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударғаны жайлы бала кезімнен құлаққа құйып өсірді. Анам жер аударғанда 19-жастағы естияр жаста еді, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті.

«Шырт ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятып, үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицермен автомат асынған төрт солдаттар қоршап алған, айтылған талап ең керекті заттарды алыңдар деп, бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша станциясына, (қазіргі Черкесск қаласы) жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып белгісіз жаққа ала жөнелді. Ер азаматтар соғысқа кеткен, қарттармен, жас балалар, сәбилер жолды көтере алмай өліп жатты, төрт тәулік есікті ашпай жүріп келіп Волга өзенінің көпіріне келгенде есікті ашқанда вагондағы бірталай адам лап ете кірген таза ауадан есінен танып құлап түсті. Қайтыс болғандарды бұрышқа бірінің үстіне бірін жинап қойған еді, соларды түсіріп алды, өзіміз жерлейміз деп. Есіктер жабылған сәтте поезд жүрмей жатып әскерлер мүрделерді аяқ-қолынан ұстап Волга суына лақтырды. Шулап жылаған халық жақындарынан осылай айрылып кете барды. Неткен қасірет.

Тағыда 3-4 күн жүріп Жамбыл ауданы Жетітөбе станциясына әкелді, сол жерден Қазақстан деген елді білмейтін, қазақ деген ұлтты білмейтін қарашайларды қазақтар өгіз арбамен, есек арбамен, түйе арбамен күтіп алды, үйлеріне бөліп кіргізіп алды. Бізге пана болған қоржын тамы бар Әпсейіт пен Әзімкүл деген кісілер еді, Әпсейіт соғыста, Әзімкүл 3-4 жасар ұлы Омарсейітпен біз әкем Хажымұрат, анам Хұраймат інілерім Оқап, Мұса, сіңілім Саният сол үйді паналап бір нанды бөліп жеп, бір қазаннан ас ішіп есмізді жиғанша бірге тұрдық, Омарсейіт әкесін аңсайма әкем Хажымұраттың қойнына жататын, міне қарашайлар елге көшкенде сол кісілер маған төркін болды, Әпсейіт соғыстан аман оралды, ал Омарсейіт өмір бойы жөні бойынша мені жеңге демей «әпке» деп өтті. Недеген дарқандық?!

Қазақ халқы өзі аш отырып соңғы нанын бөліскені недеген қайырымдылық десейші?! Қазақ халқы қайырымдылықты алғыс айтсын деп жасамайды, кең даласындай құшағы бар, пейілдері мейірімге толы, қиындық көргендерге қамқорлық жасау бұлардың ата-бабасының қанында бар, генінде бар, оларға қандай алғыс айтсаңда аздық етеді, алғыстың ең жақсысы жақсы азамат болыңдар, жақсы оқыңдар, адал еңбек етіңдер, қиянат жасамаңдар, еліңді, жеріңді, халқыңды сүйіңдер, үйлі болып жақсы ұрпақ өсіріңдер, міне сол қазақ елі үшін рахметің болады» – деп айтушы еді.

Анам өмірінің 19 жылы Кавказ елінде өтіп, қалған 70 жыл ғұмырын Шоқай аулында еңбек етіп, еңбегі еленген анам Еңбек Қызыл Ту, В.И.Лениннің 100-жылдық, 1941-1945 жылғы тыл ардагері, Еңбек ардагері медальдарымен марапатталды. Өз бауырында өсірген 7 ұл-қыздан 34 немере, 12 шөбере көріп 89 жасында бақилық болды. Бізде сол ана аманатына адалдық жасап жетеумізде жоғары оқу орнын бітіріп хал-қадірімізше еңбек еттік. Үлкен қызы Күлина, екінші қызы Гүлстан екеуіде Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Қазақстан мемлекетінің құрметті ұстазы атағын алды, Райхан мен Розасы да майталман математиктер, Айдар құрылыс инженері, Жандары техника инженері, үлкен ұлы мен малдәрігері-зоотехник, ұзақ жылдар шаруашылықта істедім. Міне біздер бір анадан анамыздың көзі тірісінде 53 ұрпақ болып тарап отырадық, осылардың әрқайсысында анамыздың тәлім-тәрбиесі бар.

Өткенге көз салмай болашақты бағдарлай алмассың – дейді сол өткен жайлы кей мәліметтерді айта кетсем – деп едім.

Ең масқарасы сол қарашайларды депортация жасағанын білмей соғыстан азап шегіп жаралы болып әскерден ауылына оралғандарды үйлеріне кіріп алған жергілікті тұрғындар (грузии,свандар) жылы қарсы алып түнде өлтіріп үстіне шоқпыт киімдер кигізіп «бандит, сатқындар» деп НКВД-ға тапсырып сол үшін әжептәуір ақшалай сыйлық алып тұрған, осының бәрі ащы болсада шындық еді.

Соғысқа дейін Қарашай Халқының 80 мың халқы бар еді. Оның 15 мыңы соғысқа кетті, 2 мыңы труд Армияға алынды.

Қалған 63 мыңының – 20 мыңдай адамы жолда қырылып, аштықтан өлді, олардың көбі бала-шаға мен қарттар еді.

Бір мысал айта кетейін. Анам отырған вагондағы Байдымат пен сіңлісі Супият есімді қос қыздың Гапбола есімді әжесі және анасы мен жеті бауыры аштықтан өлді. Байдымат пен сіңлісі Супиятты қазақтар асырап алып күйеуге ұзатты. Байдымат 5-6 ұл қыз, Супият 9-ұл қыз өсіріп Қазақ елін Отаным деп, өсіп-өніп отыр, екеуінің де әзір көзі тірі. Солардың бірі Хамзатов Шонай еңбек Ардагері, ұзақ жыл Жамбыл облысы Пионер қой савхозында еңбек еткен, 6 айлық сәби кезінде анасынан, 8 бауырынан айрылды. Әр семьяда мұндай жағдайлар өте көп.

Тірі куәгерлердің мына әңгімесі тіпті жан түршіктіреді. Жолда азап вагонында төрт баланың анасы жан тапсырды, уақтылы жерге жеткен соң төрт баланы бір жертөлеге орналастырған адамдар ұмыт қалдырады, ертесіне есіне түсіп келгенде ең кішісін құшағына алып суықққа қатып өлген інілеріне қарап отырған ең ересегі «тыныш» олар ұйқтап жатыр, – деді, өзіде ұзамай жан тапсырыпты. Солардың әкесі кеудесін оққа тосып кім үшін жанпида етті екен, соңғы демінде балаларын ойладыма екен, жоқ әлде за Родину, за Сталина,- деді мекен.

Кейбір отбасылардан бірде-бір адам қалмады. Қазақ елі барынша көмегін аямады, жетім қалғандарды ұл-қыз етіп бағып алды, кейбіріне қазақша есім берді.

Осы Тараз қаласында өмір сүрген қызмет еткен, елге танымал болған Жетігенов Тілепалды, Нұртаев Аллаберген ағаларымыз Қарашай болып туылып Қазақ болып өмірден озды, артында ұл-қыздары өніп-өсіп жатыр.

1941-1945 жылғы соғыс жылдарында қарашай ұлтынан 15 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды, соның екеуі екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алды. Соның бірі танкі бригадасының командирі Днепрді қорғаушы Харун Богатырев, екіншісі аңызға айналған Белоруссияның Могилевщина орманындағы даңқты партизан полкінің командирі Осман Касаев.

Дәл осы уақытта Кеңес Одағының екі мәрте батыры Осман Касаевтың анасы азап вагонында аштықтан өлді, басқаларының аналары, әкелері, бауырлары, балалары жер аударылып, аштықтан, аурудан, суықтан қырылып жатты. Неткен қатігездік?! Үш қарашай әскері Москвада 9 мамыр Жеңіс парадына қатысты, сол жерден тұтқындалып Қазақстанға жер аударылды. Арнайы комендатурада жүріп, қазақ жеріне келген қарашай-балқар халқы бел шешпей еңбек етті, соның нәтижесі Жамбыл облысынан екі қарашай қызы Кеңес Одағының Еңбек ері алтын жұлдызын алды. Олар қант қызылшасын өсіруде әлемдік рекорд жасаған қарашай қыздары Шидакова Патия мен Курджиева Нурзуля еді. 1957 жылғы 9 қаңтардағы КСРО-ның Указы бойынша Қарашай-Балқар автономиясы қалпына келтіріліп отандарына оралуға жол ашылды.

Қарашай елі өз Отанына 14 жылдан соң оралды, біразы осында қалды, аралас некелер болды, қазақтармен құда болды, қазақ көршілерін, достарын қимады еңбек етті, ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанды өз Отаным деп өсіп-өніп жатыр.

Недеген кең пейілдік?!

Марқұм ағамыз Қазақстан парламентінің сенаты болған Тараз қаласының құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынов ағамызбен бір әңгімелесу сәті туғанда, қарашайлар жайлы былай дегені есте қалыпты “Менің балалық шағым соғыс кезіне тап болды, Суханбай аулында жер ауып келген қарашай ұл-қыздармен бірге оқып дос болдым, олар кейін еліне кетті, кейін бір демалыста Киславодскі шипажайында демалып жатқанымда Айвазов деген досым келіп үйіне әкетіп екі-үш күн жібермей қонақ етті».

Қазақ халқынан көрген жақсылық, қамқорлық, мейірбандылық, қонақ жайлылықты бәрін сіздерден үйрендік, бойымызға сіңірдік біз қарашай елі осыларды ұл-қыздарымызға мұра етіп өсиет етіп айтып отырамыз. Қазақ халқына осыдан артық қандай баға берерсің.

Өмірден өтседе аманат еткен анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызының атынан, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қарашай-Балқар Этносының атынан қазақ еліне, қазақ халқына баршаңызға бас иіп рахмет айтамын. Зобалаң күндер оралмасқа кетсін халқымыз аман, жұртымыз тыныш бейқұт заманда жасай беріңіздер деп тілеймін.

Жамбыл облыстық

Қарашай-Балқар этномәдени орталығының өкілі,

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов.

#қуғынсүргін