1938-1939-шы жылдар белесіндегі жаппай саяси репрессиялар ауқымының азаюы. Бұл процестің Әулиеата өңіріне әсері.
Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің профессоры,
Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін
зерттеу орталығының жетекшісі
Жамбыл облысы Қ ХА ғылыми –
сараптамалық тобының мүшесі
Саяси репрессиялар, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысындағы кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналып, БК(б)П ОК мен Саяси бюроның сталиндік тобына, партияның өз ішінде және жалпы елде шын мәнінде немесе солай болуы мүмкін деп есептелінген қарсыластарына қарсы, саяси күрес арсеналының маңызды бөлігі болып есептелінді.
Кеңестік репрессиялық аппарат, бәрінен бұрын қарсыластары ретіндегі топтың адамдарын анықтады, аталған топтың ойы бойынша олар басқа идеологиялық түсініктерді тасушы және осы саяси тұғырнамалардың жақтаушысы бола отырып, партия мен мемлекеттің мүддесіне қарама-қайшы келетін еді. Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп, оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді( мыс: «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп»). Бұл орайда күнделікті болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат елдің санасына жаңадан қалыптасқан қажетті сөз тіркестері арқылы, қайсібір сәттерде үрей туғыза отырып та жеткізілді .
Келесі кезеңде сот және соттан тыс органдар, негізінен ІІХК (НКВД) органдарының күшіне, яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйене отырып өз шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып – адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды.
Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру тікелей айтылды немесе жанамалап жеткізілді. Бұл орайда олардың бар – жоғы есепке алынбай, нұсқау тек бір бағытта ғана берілді – ондайлар болуы керек.
Қатардағы партия мүшелері мен кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен, саяси репрессиялар да барлық басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс болатын. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір тоқтамға келуін меңзеген еді – не қойылған мақсатқа жетіп, бұрынғы бағытты өзгерту, не бұл процесті бақылаудан шығарып алу. Сонымен қатар, ІІХК органдары ролінің соншалықты асқақтатылуы билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды, мұны бұлай бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.
1938-ші жылдың 11-нен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формальды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда қабылданған қаулыда, партияның өткен кезеңінде жағдайдың бақылаудан шыға бастағанын көрсететін фактілер көп келтіріледі.
Партиядан шығару жаппай етек ала бастаған кезеңдегі Әзірбайжан К(б)П ОК бір отырысында (мәжілісінде) 279 адамның партиядан шығарылуы немкеттілікпен расталына салған . Жаппай партиядан шығару көп жағдайда негізсіз болған – осылай Куйбышев облысының бір аудандық ұйымындағы коммунистердің саны 210 болса, соның 50-і партиядан шығарылған, олардың 43-іне ІІХК органдары тұтқындау үшін ешқандай негіз таба алмаған» [1].
Жағдайды түзеу үшін партия органдары мен ұйымдарына бірнеше талап-тілектер қойылды. «Жаппай, бас-көз жоқ партиядан шығаруды тоқтатып, іс жүзінде партиядан шығару мәселесін жеке қарастыру» тапсырылды. УК(б)П Киев обкомының бұрынғы хатшысы, халық жауы Кудрявцев партия жиналыстарында сөз сөйлеген коммунистерге үнемі «сіз, болмағанда бір адамның сыртынан арыз жаздыңыз ба?», – деп сұрақ қоятын. Мұндай арандатудың нәтижесінде Киевте қалалық партия ұйымының жартысына дерлік мүшелерін қаралайтын арыздар түскен еді, олардың көпшілігі дұрыс болмай, негізсіз жазылғандығы кейіннен анықталды.
Келесі бір мән берерлік сәт, партиядан шығарылғандардың аппеляциясының қарастырылмауы еді. Осылай, бірнеше обкомдарда, бірнеше мың қарастырылмаған аппеляциялардың жинақталып қалғандығына мысалдар келтіріледі. Осы тұрғысында обкомдар, өлкекомдар мен ұлттық компартия ОК-і «шығарылғандардың аппеляциясын қараудан бас тарта отырып, аукомдар мен қалкомдардың осы мәселедегі шешімдерін… аппеляцияға жатпайтын және түпкілікті шешімге айналдырды», – деп айыпталды. Сонымен қатар олардың «коммунистерге қарсы ойына келгенін істеген партия басшыларын да жазалаусыз қалдыратыны» атап өтілді. Осыған байланысты нақты шаралар ретінде, үш ай ішінде партиядан шыққандардың аппеляциясын қарап бітіру және партиядан шығарылғандарды бірден жұмыстан қууға тиым салынғаны туралы айтылады. Партия мүшелеріне жала жапқаны анықталған адамдарды партиялық жауапкершілікке тарту ұсынылды [2].
Осылай, пленум шешімдері бойынша репрессиядан ең көп зардап шеккен негізгі категория – партия мүшелері негізсіз қудалаудан біртіндеп құтыла бастады.
Сәл кейін шегініп 1937-ші жылдың екінші жартысын «тұтқынға алу жартыжылдығы» ретінде, ал, 1938-ші жылдың бірінші жартысын «үкім шығару жартыжылдығы» немесе атып – асу жартыжылдығы ретінде қарастырсақ, онда соңғы ірі процесс ретінде 1938-ші жылдың 2-13 наурызы аралығындағы «антикеңестік оңшылтроцкистік блок» дейтіндердің ісін айта аламыз. Онда Н.Бухарин мен А.Рыковпен бірге сотталушылар қатарында әртүрлі саяси позициядағы 21 адам болды – бұрынғы троцкистер және ешқашан және ешқандай оппозициялық топтар мен ағымдарға қатыспаған, бұрынғы одақтас республика компартиялары басшылары [3]. Процесте лениндік және ленинен кейінгі кезеңдердегі ірі партия лидерлерінің сотталуы билік үшін күрестің тәмәмдалғанын білдірді – сталиндік топ өзінің партиядағы шексіз билігін орнатты. Ал топтың өз ішінде И.Сталиннің жеке билігіне ешқандай шек қойылған жоқ. Елде ары қарай репрессиялық іс-шаралар жүргізе берудің, енді бұрынғыдай қажеттілігі болмады.
Жаппай репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938-ші жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғарғы жаза болып, мұның өзі «уақыт талабына сай» іс-шара ретінде түсінілді. Осы орайда көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі, сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК–ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшыларының осындай тағдырға ұшырауы жаппай қылмыстың ізін жасыру ретінде қарастырылып келді. Әйтсе де гәп басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген,) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтыла келіп, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына – ұлттық компартиялар ОК-не, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталынатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі» [4] атап көрсетіледі. Беріліп отырған кешенді іс –шаралар, ендігі жерде ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасында болып, олардың алдында саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.
1938-ші жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды – бір жағынан репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса, екінші бір жағынан әлі де өз тағдырының не боларын білмей түрме түнегінде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.
БК(б)П ОК Саяси бюросының 1938-ші жылғы 15-ші қыркүйегіндегі шешімімен ерекше үштіктер бұрынғы құрамында қайта құрылды. Бұл жолы олардың қарауына «…тек 1938-ші жылдың 1-ші тамызына дейінгі істер беріліп, оны екі айда аяқтау тапсырылды». Аталған уақыттан кейін тұтқындалған барлық адамдардың ісі сотталғандығына байланысты тиісті сот органдарына беріліп…, сонымен қатар егер істерінде сотталатындай жеткілікті материалдар болмаса, ол істерді қайта тергеу арқылы айыпталушыны қамаудан босату керектігі ескертілді [5].
Олай болса 1937-1938-ші жылдардағы сот істеріндегі жиылып қалған «үйіндіні» («завал») ақтару, шешім шығаруы шапшаң үштіктерге берілді, олар болса өз жұмыстарына, әлі де желдің қайдан тұрып тұрғанын білмей кірісіп кеткен болатын.
Байқап қарасақ, жоғарыда келтірілген орталықтың қаулысы жаппай саяси репрессиялардың барлық эволюциялық процесін, яғни оның қалай пайда болып, қалай шырқау шегіне жеткеніне дейін және одан кейінгі бәсеңдеу жағдайын, қамтып тұрғандай.Ендігі мәселе осы саясаттың, осы жаңа бағыттың жергілікті жерлерде қалай қабылданатындығында және кең байтақ елде оның қалай жүзеге асырылатындығында болды. Бұрынғы барлық тапсырмалар қысқа уақыт ішінде орындалатын, әрине ол үшін қатты бас қатырудың керегі болған жоқ, ал мұндағы мәселе тіптен басқа, қиынырақ былайша бәрін өз қалпында қалдыру керек сияқты, бірақ солай болғанда да бәрін басқаша жасап, бұрын ескерілмеген факторларды есептеу керек болды.
Республика партия ұйымында қаңтар пленумы қойған міндеттер бірден түсінілмеді және бірден өмірге де еніп кете алған жоқ. Осылай, құжаттардың бірінде – 1938-ші жылдың 5-ші наурызында өткен совхоз жұмысшылары митингісінде оңшылтроцкистік блоктың үстінен жүргізілген процеске байланысты резолюциясы беріліп, онда: «ІІХК органдары мен сталиндік халком Ежовтың бандиттер мен баскесерлердің, шпиондар мен сатқындардың қылмысын ашқан жанқиярлық жұмысын қолдаймыз…Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясынан олардың бәрін итше атып тастауды талап етеміз», – делінген [6]. Кейініректегі құжаттарда жағдайдың түзеле бастағаны білінеді. Оны Қастек қой совхозына байланысты мына бір құжат көрсетіп тұр, онда партиядан шығарудың, және жұмыстан негізсіз босатудың заңсыздығы мойындалған фактілер көрсетілген [7, с.188 – 189]. Біртіндеп сәуір-мамыр айларында осы тақілеттес құжаттар партияның облыстық комитеті деңгейінде және ең соңында Қазақстан К(б)П деңгейінде де пайда бола бастайды.
БК(б)П ОК қаңтар пленумының негізгі мәселелерінің бірі коммунистердің партиядан шығарылғандығына байланысты аппеляциясын қарау болып табылды. Пленумның алғашқы талаптарының бірі партиядан шығарылғандардың кінәсін ашық және нақты дәлелдеп беру болды. БК(б)П ОК жанындағы Қазақстан бойынша ПБКӨ (УКПК) – ның партколлегиясының мәліметтерінде былай көрсетілген : Коммунистерді партиядан шығару үшін 29 қылмыс түрі көрсетілген, ал оларды қайта қабылдау үшін 4 дәлел келтіріледі – айыптаулардың дәлелденбеуі, жала арқылы шығарылуы, негізсіз айыптаулар арқылы шығару және коммунисті тәрбиелеп оған жіберілген қатесін жоюға мүмкіндік берілмеуі. 1938-ші жылдың 20-шы қаңтарынан 20-шы сәуірі аралығында ПБКӨ жанындағы партколлегия 239 істі қарады. Олар тиісінше: 1- қайтадан қабылдау; 71 айыптаулар дәлелденген жоқ.2-жала жабу материалдарына байланысты; 16-сы дәлелденбеді. 3- негіз болмауы себепті; 60-ы негізсіз, 4-тәрбиелеу және қателіктерін түзеуге мүмкіндік беру; 92 коммунист осы орайда ақталып шықты [7, с. 194 – 195]. Яғни, барлық қарастырылған істер бойынша шығарылғандар партия қатарына қосылды. Әрине, бәрі бірдей түзеліп кетті деуге әлі ерте еді. Жалпы Қазақстан бойынша 1938-ші жылдың 20-шы қаңтары мен 15-ші сәуірі аралығында республикалық және облыстың партколлегияларға 1264 партиядан шығарылғандар аппеляция жасады. Олардың ішінен 703 коммунист партияға қайта қабылданып , 58 адам партияға кандидаттыққа ауыстырылды [8].
Республика Компартиясы ОК деңгейіндегі саясат соншалықты өзгере қоймады. ҚК(б)П ОК республикалық ұйымның 2-ші съезіндегі есепті баяндамасындағы бөлімдердің бірі «Капиталистік агентураның талқандалуы және Кеңес мемлекетінің нығая түсуі» деп аталды. Бұл бөлімде бұрынғы саяси ұстанымдар сақталынып, бұрын әшкерленіп қойған, енді еске алудың да қажеті шамалы «халық жауларына» қарсы шабуыл жалғаса түскен . Осылай Н.Бухарин мен А.Рыков процестерінің жаңғырығындай әртүрлі сөздер айтылды – троцкистік – бухариндік агентурамен бірге әртүрлі республикаларда буржуазиялық ұлтшылдар да жұмыс істеді, одан Қазақ республикасы да тыс қалған жоқ. Мирзоян, Исаев, Құлымбетов, Есқараев, Садуақасов және басқалар бастаған контрреволюциялық оңшыл троцкистік және буржуазиялық ұлтшыл ұйымдар герман-жапон фашизмнің агентурасы бола отырып Қазақстанды КСРО –дан бөліп әкетуге және оны жапон империализмінің отарына айналдыруға тырысты». Ары қарай – троцкистік –бухариндік – рыковтық және ұлтшыл-фашистік бандалар қанқұйлы фашизмнің қатарында болып, жапон – герман империалистері өзінің КСРО-ға шабуылының жоспарында қарастырған «бесінші колонна» құрғысы келген еді, – дей келе сонымен қатар олардың «Кеңес одағының әскери және экономикалық қуатын әлсірету мақсатында өнеркәсіпте, транспортта және ауыл шаруашылығында қаскүнемдік әдістерді кеңінен қолданып, диверсиялық әрекеттер жасағандығы» [9] айтылады. ОК есепті баяндамасында келтірілген басқа да осы сарындағы фрагменттер біраз мәселені аңғартатындай. Мұнда сол уақыттың саяси лексиконы (сөз қоры) сол қалпында қалған десе де болады. Саяси тактикадағы өзгерістер нәтижесінде репрессиялық іс –шаралар қолдану ауқымы азайғанымен, жеңіп алынған позициядан ауытқушылық болған жоқ, мұны жалғасын тауып жатқан қылмыстық істерді қозғау да көрсетіп берді, тіпті ҚК 58 статьясының «жеңілдеу» статьяға ауыстырылуы да жағдайды жақсартып әкете алған жоқ. Партия қатарындағы және мемлекеттегі репрессияларды барынша қатал қолдану кезіндегі қорқынышқа негізделіп қалыптасқан тәртіп, әлі де мызғымастай болатын.
10-21-ші наурыз аралығында өткен БК(б)П–ның ХУІІІ съезінде партияның жаңа Жарғысы қабылданды. Оның ХІІ-ші бөліміндегі «партиялық тәртіпті бұзғаны үшін қолданылатын шаралар», бірнеше міндеттер жүктеді. Осылай – «партияның бірлігін сақтай отырып, екіжүзділікке, фракциялық күреске және бөлінуге ұмтылған титтей болсын әрекеттерге қарсы ымырасыз күрес… барлық партия мүшелері мен партия ұйымдарының бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс» [10, с.107],- деп атап көрсетіледі.
Жарғының 73 пунктінде – «партиялық және кеңестік орталықтардың қаулысы тез және дәлме – дәл орындалуы» керектігі атап көрсетілді. Кері жағдайда ашық талқылаудан бастап, жауапты партия және кеңес жұмыстарынан уақытша шығарып тастау, одан кейін партиядан шығару, ең соңында партиядан шығарып қылмысына байланысты әкімшілік және сот талқысына тапсыру қарастырылды» [10, с. 108]. Келесі пунктте шамамен осындай шаралардың ОК мүшелеріне қолдану жолы реттелді. Партия жарғысынан келтірілген фрагмент И.Сталиннің партияны пікірталас клубы ретінде емес «семсершілдер ордені» ретінде көргісі келетін арманының жүзеге асқандығын білдіретіндей.
Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге асыру, бәрінен бұрын партиядан шығарылғандардың аппеляциясын қараудан басталған еді. Облпартколлегияның 1938-ші жылдың 1-ші қазанындағы есебінде жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі көрсетіледі.
«1938-ші жылдың 20-шы қаңтары мен 1-ші қазаны аралығында 559 аппеляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды: 1. 1932 –34 ж.ж. шығарылғандар-110 адам… 24 партияға қайта қабылданды, немесе 22%… шығарылғандардың 61-кі дәлелденді немесе 55% . 2. 1935-1936 ж.ж. шығарылғандар-287 адам, қайта қабылданғаны –140, немесе 48 %, 91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32% …1937-ші жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 аппеляция, қайта қабылданғаны – 57 немесе 55% … 36-ның шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 %. 4. 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 аппеляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері 43, кандидаттар 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны 8 немесе 14%, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері-37. Кандидаттардың қайта қабылданғаны –3 және шығарылғаны дәлелденгені 12» [11].
ҚКСР бойынша ПБКӨ жанындағы Оңтүстік Қазақстан облпартияколлегиясының мүшесі, есеп беруді құрастырушы Шихалиев жоғарыдағы цифрларға мынадай баға береді – көрнекілікпен көрініп тұрғандай, 1938-ші жылдың басына дейінгі, облыс пен бірнеше аудандардың басындағы партия жетекшілері троцкистік – бухариндік, ұлтшыл-фашист бандиттер , репрессия арқылы біздің большевик кадрларды құртып, партияның қатарына өздеріне ұқсаған адамгершіліктен ада бөтен элементтерді жинағысы келді. Осы 1938-ші жылы партия қатарынан шығарылған ҚК(б)П-ның 49 мүшесі мен кандидаттарының ішінде халық жауларымен байланыста болып, оларды қорғағаны үшін шығарылғандары –40 адам, қалған 9-ы әлеуметтік бөтен элементтер. Бұл Оңтүстік коммунистерінің арасында большевиктік қырағылықтың едәуір көтерілгенін және БК(б)П ОК қаңтар пленумының қаулысы партия ұйымдарын дұшпандық, таптық – бөтен элеметтерден тазартудағы ымырасыз күресте өткір қару болып табылатындығын көрсетеді, пленум партия мүшелері мен кандидаттарын партия мүшелерінің тағдырына қылмыстық – жеңілтектікпен қарағандарды үзілді-кесілді жойып жіберу үшін осылай қаруландырып отыр» [12].
Облпартколлегиялар мен партияның облыстық комитетінен бөлек, шығарылғандардың аппеляциясы туралы істі қалкомдар мен аукомдар да қарады. Қалком хабарламасында: «БК(б)П ОК қаңтар пленумы шешімі шыққан күннен 1938-ші жылдың 10-шы қыркүйегі аралығында партияның қалалық комитеті бастауыш партия ұйымдарында шығарылған 94 істі қарап, оның 23-і қайта қабылданды, сонымен бірге партколлегия мен обком қала партия ұйымынан 8 адамды қайта қабылдады, бұл бастауыш партия ұйымдары шешімдерінің 33%-ға өзгертілгені [13]. Сонымен қатар, тағылған айыптардың дәлелденбегені туралы мысалдар да бар. Осылай ҚК(б)П аукомы пленумында Мәуленов партиядан шығарылған болатын, «колхозшылар арасында антикеңестік әңгіме жүргізгені, дұшпандармен байланысы және әлеуметтік бөтендігі үшін». Аппеляцияны талқылау кезінде айыптаулар дәлелденген жоқ. Партколлегия осыған аукомның назарын аударып, бірінші хатшы Ж.Беласаровқа ескерту жасалынып, оған коммунистерді партиядан шығаруда жеңілтектікке жол бермеу тапсырылып, ондай іс қайталанған жағдайда жауап беретіндігі ескертілді» [14].
Қаңтар пленумы қаулыларының пункттерінің бірі жала жапқандығы үшін партиялық жауапкершілік тарту тұрғысында болды. Осы жөнінде берілген құжатта былай делінген-Партколлегияның жалақорлар мен көлеңкесінен қорқатындарды жауапқа тарту ісінің әлсіз екендігін мойындау керек, қазірге дейін бір де бір ауком хатшысына коммунистердің партиядан негізсіз қуылғандығы үшін партиялық жаза қолданылмаған, мұның өзі аппеляцияны талқылау кезінде бірнеше ерекше қаулылар қабылданып, бірқатар аукомдарға жалақор коммунистерді жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізілгеннің өзінде жүзеге аспай отыр». Мәтіннің осы үзіндісінде мынадай факті де келтіріледі: 23/У-1938-ші жылы партияның Меркі АК-і ҚК(б) П мүшесін 15 коммуниске жала жапқаны үшін партиядан шығарады, 1/УІІ –1938 жылы партколлегияның қаулысымен шығарылу мақұлданған [15].
Келесі бір маңызды сәт ретінде партияға қайта қабылданғандардың партиялық құжаттарын беру мәселесін айтуға болады: «… бұл пункттің орындалуы нашар, бұған аукомның бірқатар хатшыларының салақтығынан немесе олақтығынан партияға қайта қабылданғандардың жылдап партқұжаттарын ала алмаған бірнеше фактілерін келтіруге болады…. Партколлегия мен партияның облыстық комитеті қабылдаған бірқатар іс-шараларға қарамай осы жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін партқұжаттарын ала алмаған ҚК(б)П-ның 96 мүшесі мен кандидаты әлі де сандалуда жүр» [16]. Осылай ауданда партияға қайта қабылданған 7 коммуниске, келесі аудан бойынша 5 коммуниске партқұжаттары берілмеген [17]. Партбилеттерін бермей, есеп кәртішкелерін жүргізбеу іс жүзінде партия қатарына қайта қабылдамау болып табылар еді. Мұндай келеңсіздік, оның себебіне қарамай шығарылғандарға әжептеуір қауіп келтірер еді.
Келесі маңызды сәт ретінде «партияға қайта қабылданғандарды большевиктік тәрбиелеу» деген болды. Осыған байланысты: «Бастауыш партия ұйымдары мен ауком хатшылары партияға қайта қабылданған коммунистерді большевиктік тәрбиелеуге жауапкершіліктерін сезінбейді. Аукомдар көп жағдайда, қайта партияға қабылданғандарды есепке алып, оларды қайсібір партия ұйымына тіркеп, жұмыс берумен шектеледі, бірақ олардың жұмысы қалай жүріп, өмірі қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайды [18].
Партколлегия өз есебінде шығарылғандардың тағы бір мәселесін- жұмыстан бірден кетіруді сөз етеді, бұл да қаңтар пленумы қаулысында сынға ұшыраған болатын. Мұндай фактілер , яғни тек бастауыш партия ұйымынан шығарылғандарды, бұған ешқандай қажеттілік болмаса да, жұмысынан кетіру кездесіп отырған. Түрксіб бөлімшесінің Жамбыл совхозының бастауыш ұйымы 1938-ші жылдың маусымында жалпы партия жиналысында 2 коммунисті қатарынан шығарады, олардың бірі 1918-ші жылдан ҚК(б)П мүшесі – Семенова, шаруашылық меңгерушісі (завхоз) және екінші қоймашы болып жұмыс істеген … осы жолдастар жұмыстарынан алынды… шығарылғанына 3 ай толмай жатып… жиналыстың шешімі партияның аукомына бекітілуге де берілмеген… жолдастар 3 ай бойы жұмыссыз жүр, олардың партияда қалу мәселесі де шешілмеген» [19]. Бұл жерде «жоғарыдағылардың» мүмкіндік бергеніне қарамастан «төмендегілердің» немкеттілік көзқарасы анық көрініп тұр.
Аймақ бойынша қорытынды статистикалық мәліметтер мынадай. 1.09.38 жылға дейінгі қарастырылмаған аппеляциялардың саны – 724, олардың ішінде партияның аудандық комитеттері шешімдерінің қайта қаралғаны – 631, партияға қайта қабылданған коммунистер саны – 292, кандидаттыққа ауыстырылғаны – 10, тілектестер (сочуствующих) қатарына – 14, шығарылғандығы мақұлданғаны- 310, қарастырылмай қалғаны – 93…
….БК(б) П қаңтар пленумының қаулысы баспасөзде жарияланған кезден бастап партия ұйымы облыстық комитетінің тіркеу бөліміне 26.01.38 жылға дейін 179 аппеляция 5.0938 жылға дейін 623 аппеляция, барлығы 802 аппеляция түссе, өткен 7 ай ішінде оның тек 88 аппеляциясы немесе 11 %-ы қарастырылған, қайтадан партия қатарына және кандидаттыққа 68 адам қабылданып, облыстық партколлегияға 438 және партияның аудандық комитеттеріне 200 аппеляция тапсырылған [20]. Осы және осыған дейінгі цифрларды және бұдан кейінгілерін де, саяси тарих тіліне аудару тіпті де оңай емес. Алдымен «марксизмнің бөтен туының» астында, кейіннен одан да бөтен большевиктердің туы астында, одан кейін тіпті де бөлек сталинизм туының астында болған аймақтық саяси элита өзінің барынша дәрменсіз екендігін көрсетіп «ағыс аққан жаққа қарай» жүзуге дайын болып, болып жатқан оқиғалардың мән-мағынасын түсінуге тырыспай, Орталықтан келер нақты бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыланды. Тіпті ол бұйрықтарды қабылдай отырып, онда аздаған қауіптің барлығын сезсе, онда оны аяғына дейін орындауға да дәрмені жетпеді.
Осындай және осыған ұқсас іс-әрекеттердің нәтижесінде Қазақстан Коммунистік (б) партиясы мүшелері санының 1933-1940-шы жылдарғы динамикасы (өсу деңгейі) мынадай болды. 1933-ші жылы, жаппай партиялық тазалау басталмай тұрып оның қатарында 101 мың 486 большевик болды. Олардың 48594 партия мүшелері 52892 мүшелікке кандидаттар еді. Жаппай партиялық тазалау мен алғашқы саяси процестерден кейінгі 1936-шы жылы 47988 адам қалды, тиісінше 29474 партия мүшелері және 18514 кандидаттар. Көбірек кеткені партия мүшелігіне кандидаттар болды. 1937-ші жылы саны көбейіп 51881 адамға жетті – 32629 мүшелері мен 19252 кандидаттар. 1938-шы жылы ол қайтадан 48322-ге төмендейді – 30120 және 18202. 1937-ші жыл мен 1938-ші жылдар арасындағы цифрлар айырмасын репрессияға ұшырағандардың саны ретінде қарастыруға болады – барлығы 3559 адам, олардың коммунистері 2509, кандидаттары –1050. Партия қатарының ұлғаюы 1939-шы жылы басталады – жалпы саны 65465 және 1933-ші жылғы деңгейге 1940-шы жылы жетед і- 108705 партия мүшелері мен кандидаттары, яғни 1933-ші жылғы деңгейден сәл асып тұр [21, 42-б.].
Партиядан шығару фактісінің өзі, ол тіпті салыстырмалы түрде тыныш жылдары – 1934-ші жылы 31885 –ке, 1935-ші жылы тағы да 8765-ке, 1936-шы жылы 12224-ке жетіп, яғни 1938-ші жылға дейін жалпы алғанда 53164 коммунист, репрессияға ұшырау қаупінде болды. Сондықтан да, жиналып қалған аппеляцияларды тезірек қарау туралы ұсыныс жағдайдың түзеле бастағанын көрсеткенімен, аукомнан обкомға дейінгі аймақтық деңгейдегі партия органдарының аппеляция істерін қарап, партқұжаттарды берудегі сылбырлығы қорқыныштың, күдік пен сенімсіздіктің сейіле қоймауына әсер еткен еді. Ал, бұл жағдайдың тек республика партия ұйымында ғана емес, оның барлық аймақтық бөлімшелерінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да түзелуіне кедергі жасады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Известия ЦК КПСС. 1989, №8, с.115
- Известия ЦК КПСС.1989, №8, с.94
- Известия ЦК КПСС. 1989, №9,с.50
- ҚОӘМ 268 – қор, 1 – тізбе, 10 – іс.
- Известия. 3 октября, 1996 г. №62
- ҚРПМ 187 – қор, 1 – тізбе, 44 – іс, 25 – п.
- Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938гг. Сборник документов. – Алматы: Казахстан, 1998. – 336 с.
- ҚРПМ 725 – қор, 3 – тізбе, 173 – іс, 13 – п.
- ҚРПМ 708 – қор, 2/1 – тізбе, 4 – іс, 404-408 – п.п.
- КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференции и пленумов ЦК, Т. 4-7. – М., 1985. – 576 с.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 243 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 244 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 245 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1- тізбе, 161 – іс, 246 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 247 – п.
16 ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,239 – п.
17 ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс 237 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 238 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 240 – п.
- ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 250 – п.
- Арипов Р., Мильштейн Н.. Из истории органов госбезопасности Узбекистана. (Документальные очерки истории 1917-1930 гг.). – Ташкент: Узбекистан, 1967. – 184 с.
Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты,
Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі