Тараз қаласының Достық үйінде «Масленицаны» атап өтті
Бүгін «Масленицаны» радонеждықтар Тараз қаласының Достық үйінде көңілді және бұрын-соңды болмаған дәрежеде атап өтті.
Іс-шара «Радонеж» орыс қауымдастығы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтті.
Мерекелік іс-шараға «Радонеж» орыс қауымдастығының ұжымдары, №2 жалпы орта білім беру мекемесінің мұғалімдер құрамы мен оқушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері – «Днипро» украин этномәдени орталығы, «Айнуры» татар-башқұрт этномәдени орталығы, Жамбыл облысының Немістер қоғамы, облыстық орыс драма театрының шығармашылық топтары, Балалар шығармашылығы орталығының би ұжымдары мен әншілері, сондай-ақ облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.
«Масленица» іс-шарасы Достық үйі қызыл залының сахнасында 25 нөмірден тұратын концерттік бағдарламадан басталды. Концерттік бағдарламаны №2 мектептің жас таланттары орыс халықтық әндері мен жаңылтпаш, әзіл-сықақ әндерімен (частушкалармен) ашты. Бұған қоса, театрландырылған қойылымда орыс драма театрының шығармашылық топтарының әншілері мен актерлары орыс ұлттық әндері мен частушкаларын орындап, орыс халықтық «Май аптасы» жеті күнінің мазмұнын ашты.
Концерттік бағдарламада, сондай-ақ, «Балалар шығармашылығы» орталығының би ұжымдары, облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің «Красная гвоздика» хоры, «Калинка», «Маричка» ансамбльдері қатысты. Атап өтейік, «Радонеж» орыс қауымдастығы ұйымдастырған осы бір «Масленица» іс-шарасына жыл сайын Достық үйінің барлық ұжымдары белсене қатысады.
Сонымен қатар, мерекеге сәйкес келетін «Широкая Масленица» театрландырылған қойылымы дайындалып, мерекеге қатысушылар мен қонақтарға дәстүрлі орыс құймақтары ұсынылды. Іс-шара орыс эпостары мен ертегілері кейіпкерлерінің костюмдерінде нағыз халықтық мереке болды. Сондай-ақ, көрермендер украиндықтардың «Маричка» вокалдық тобының, татар ансамблінің «Ляйсан тамчылары», «Поющие сердца» неміс дуэтінің өнерін өте жылы қабылдады. Осыған қоса, іс-шара барысында Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұйымдастырылып, тараздықтар қолөнер шеберлерінің көрмесін қызығушылықпен тамашалады.
– «Осындай қызықты мерекені бүгін бізге өз деңгейінде сыйлай білген “Радонеж” орыс қауымдастығының өкілдеріне және, осы мерекеге аянбай атсалысқандардың барлығына үлкен рахметімді айтамын. «Масленица» мерекесі Наурыз мейрамымен тұстас келгені – кәрі, жастың бойында бір-бірінің салт-дәстүрлеріне деген сыйластығы мен құрметін оятады, саналарына бір елдің адамдарымыз деген жылулықты сіңіреді. Болашақта біз осы дәстүрлерді сақтай отырып, мерекелерді жаңа форматта өткізетіндігімізге сенімдіміз. «Масленица», «Қысты шығарып салу» славян мерекесі болғанына қарамастан, оны әртүрлі этностардың өкілдері қуанышпен атап өтеді. Мұндай іс-шаралар Тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деп өз алғысын білдірді Достық үйінің басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжанқызы Мамедова. Сондай-ақ, мерекені ұйымдастырушы «Радонеж» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин өз алғысын білдірді: – «Масленица», немесе «қысты шығарып салу» орыс дәстүрлері – барлық жамбылдықтардың бұрыннан көңілінен шығып келе жатқан және сүйіспеншілікпен қарсы алатын мерекелерінің бірі. «Қысты шығарып салу» -бұл көктем мерекесі, мейірімділіктің нышаны. Бүгін мұнда біраз этнос өкілдерінің жиналып, мазмұнды бағдарлама дайындауға көмектескендеріне өте қуаныштымыз», – деді Ол өз сөзінде.
Айта кету керек, биыл Масленица мерекесіне карантинге қарамастан 70-тен астам адам қатысып, қауіпсіздік шараларын сақтай білді.
Іс-шара соңында Достық үйі ғимараты маңында сабан қуыршағын салтанатты түрде өртеу рәсімі өткізіліп, ел-жұрт бір-біріне жылы ақ-тілектерін айтып, қыспен қоштасты.
Қорытынды: этносаралық қатынастарды үйлестіру және орыс этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау, жалпы барлық этностар мен орыс мәдениетіне, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты ояту, құрметпен қарау мақсатында өткен іс-шара ойдағыдай аяқталды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы