Мейірімділік – жүректен
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсыну болып табылады. Халқымыз «жақсылық» деген ұғымды адамгершілікке балаған.
Адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісін ағымдағы жылдың қазан айында Жамбыл облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жастары көрсетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай, «Біз біргеміз» акциясы аясында қайырымды жандар Тараз қаласындағы 5 мөлтек ауданында орналасқан №24-25 жатақхана тұрғындарына киім-кешектерден тұратын әлеуметтік дүкен ұйымдастырды. Қайырымдылық көмек жағдайы
төмен 60 отбасыға үлестірілді.
Мейірімділік – жүректен. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жарияланған “Біз біргеміз” акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, түрлі қайырымдылық шараларына бастау берді. Қазіргі сын-қатерге толы кезеңде әсіресе көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты көмек қажет. Осыны ескерген «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы қайырымдылық көрсетіп, үнемі игілікті істерге ұйытқы болып келеді.
Пандемия кезінде ауыртпалықтың басым бөлігі көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, халықтың әлеуметтік осал топтарына тигендігін ескерсек, бұл жасалған көмектің елеусіз қалмасы анық. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасының орынбасары Артур Лигостаев: «Жамбыл облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы осы жылдың ішінде біршама қайырымдылық жасады. Жалпы «Біз біргеміз» акциясы аясында жасалған акцияның бұл соңы емес. Өз басым жақсылық жасау кез келген адамның өмірлік мақсаты болуы тиіс деп санаймын. Жастардың бойындағы мейірімділік пен ізгі қасиеттерді оятатын іс-шаралар алда әлі өз жалғасын табатын болады»- дейді.
Өмірді жақсылықпен нұрландыру игі іске бастамашы болған белсенді жастардың басты мақсаты болғандықтан, шарапаты мол шараның алда жалғасын табарына сеніміміз мол.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы