Достық үйінде ұйғыр этносының ашық есік күні өтті
Бүгін Достық үйінде 1наурыз – Алғыс айту күні мерекесі және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25жылдығына орай «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің»ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті.
Шараға этномәдени бірлестіктер басшылары мен мүшелері, ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілдері, Жамбыл облысы әкімі аппаратаның «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы,қалалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.
Ашық есік күніне арналған шаралар басы аталмыш этномәдени бірлестіктің төрайымы Мухабат Турдыева жастармен кездесіп, Достық үйі ғимаратына саяхат жасаумен басталды. Әр этнос өкілдерінен құралған жастарға бірлестік басшысы Махмуд Қашқаридың өмірбаянынан бастап Достық үйінде орналасқан ұйғыр этносының кабинетіндегі шағын мұражайына дейін таныстырды. Онда қойылған әрбір зат ұйғыр халқының өзіне тән құндылықтарын айшықтап тұрғандай. Мухабат Абдрахманқызы кездесу барысында алғыс хат, марапаттау, «Жыл лидері» медальі секілді т.б жүлделерімен таныстырып, оларды жастарға үлгі етті. Бірлестік жетекшісінің айтуынша қанжығасына байланған әрбір жүлдесі, медальдары, марапаттары тек адал және тынымсыз еңбектің, өзара ұйымшылдық пен ынтымақтық арқасында алған көрінеді. Осы орайда,«Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» төрайымы Тұрдыева Мухабат: -«2016 жылдан бері көктемнің алғашқы күнінде Қазақстан ризашылық күнін атап өтіп келеді. Бұл қазақ халқының қонақжайлығы мен кең пейілі үшін өзге этнос өкілдерінің алғыс айту күні. Көпшілік жаппай жер аударылған жылдарда ас-ауқаты мен жылы-жұмсағын, ұлы даласынан жайлы қоныс берген қазақ халқына деген ризашылық білдіру күні. Осынау нәубетті жылдарда өздері қиындыққа душар болғанына қарамастан қазақтар өздерінің қираған үйлерінің есіктерін ашып, бір үзім нанымен бөлісіп, туысындай бауырына тартты. Бұл тарих жылнамаларындағы бірнеше ұлттың бірігуінен құралған күрделі кезең.Міне, қазақ хақының осынау жақсылығы үшін атқарып жатқан әр іс-шарамызда жас ұрпақты сабырлы, бауырмал, қазіргі заманғы Қазақстандағы ұлтаралық келісімді және этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағыттап отырамыз. Сондай-ақ,биыл ел бірлігін бекемдеп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толып отыр. Біле білгенге облыстық ассамблеяның арқалап отырған жүгі ауыр. Бір ортада мінезі неше түрлі бірнеше адамдарды басқарудың өзі оңай емес. Ал, бірнеше ұлттың жағдайын жасап, ұлттық құндылықтарын сақтап, мәдениеті, әдебиеті, салты мен дәстүріне ден қойып оны ұрпақтарына қалдыру және осы бейбіт те берекелі күнімізді келер жастарға дәріптеу расымен ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс»-дейді. Сондай-ақ, кабинет көрнекіліктерімен танысып болғаннан кейін бүгінде ширек ғасыр шыңына шығып отырған Ассамблея және бейбітшілік пен келісім саясаты туралы дәрістер оқылып, жиылған жастарға бірлестік жетекшісі ұлттар достығы, этнос өкілдерінің атқаратын жұмыстары туралы баяндап берді. Сонымен қатар, осынау дәріс арқылы ұйғыр этносының төрайымы жастарға өмір сүруге талпыныс, арман-мұратқа жетуге құлшыныс, үлкен-кіші, елімізді мекен еткен барша этнос өкілдеріне сый-құрмет көрсету, ұлтарлық келісім мен тұрақтылықты сақтау секілді егемен елдің ұрпақтарына тән рухани азық болар мотивация сыйлады.
Жиын соңын Мухабат Абдрахманқызы жастарға Алғыс айту күні және Ассамблеяның 25 жылдығына арналған қайырымдылық түскі асын берді. Ас үстінде ұйғыр этномәдени бірлестігінің жұмысы туралы бейнероликтер көрсетіліп, естелік суреттерге түсті.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі
Назерке Оңғар