Медиацияның қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі рөлі
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Тараз қаласындағы Достық үйінің Медиация кабинетінде «Қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» тақырыбында медиаторлар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға облыстық, қалалық соттардың судьялары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары, прокуратура, облыстық ІІД өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ҚХА медиаторлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Медиация туралы» заңды дамыту және қолдану перспективалары, өңірдегі медиация институтының қызметін күшейту және жандандыру үшін мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың негізгі тетіктері туралы мәселелер қаралды.
Мәжілістің модераторы боп Медиация кабинетінің меңгерушісі-Досыбиева Валентина Николайқызы саналды. Алғы сөз «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызында болды.
Отырыста Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Н. М. Абидов, бітімгершілік процедуралар жөніндегі үйлестіруші Д. Н. Нұрлыбаева, «Отбасылық медиация» облыстық сотының судьясы Ғ.А.Асылбек және басқалар сөз сөйледі.
«ҚХА – ның Жамбыл облысындағы 2019 жылғы медиация кабинетінің қызметі туралы» баяндамасымен Валентина Николайқызы өз ойын білдірді: – 2019 жылдың 10 айында ҚХА медиаторларына 803 азамат жүгінді, оның ішінде 697 жанжал мен даулы жағдайлар шешілді. Шешілген мәселелердің негізгі түрлері: еңбек – 33, азаматтық – 400, отбасылық – 123, қылмыстық даулар – 141. Медиация кабинетінің бітімгершілік рәсімдерді насихаттау бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижелерін біз қазірдің өзінде көріп отырмыз. Ағымдағы кезеңде медиация кабинеттеріне 2018 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 24,5% – ға артық өтініш білдірді, өткен жылмен салыстырғанда қақтығыстар мен даулы жағдайлар шешілді, жалпы саннан 38.7% – ға өсті. Медиация өңірдегі дауларды шешудің танымал институтына айналуда. Сондай-ақ, спикерлер өз сөздерінде, медиация құқықтық дауларды шешуде өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Отырысқа қатысушыларға 2019 жылғы медиация кабинетінің жұмысы туралы В.Досыбиеваның дайындауымен бейнеролик көрсетілді.
Сонымен қатар, бітімгершілік процедуралар жөніндегі үйлестіруші Д. Н. Нұрлыбаева атап өткендей: – Жамбыл облыстық соты мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Атамекен» ҰКП департаментінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып өткізді, онда жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша мәселелер талқыланды,-дей келе, талқылау нәтижесі бойынша облыстық сот «Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды алдын алу» жобасын іске асыру шеңберінде заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін жұмыс тобын құруды ұсынды.
Кездесу соңында кеңейтілген отырысқа қатысушылар Жамбыл облысындағы медиация институтын дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беріп, пікір алмасты. Облыстық сотпен, облыстық прокуратурамен, облыстық ішкі істер департаментімен, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ЖОФ-мен, медиация орталықтарымен, этномәдени бірлестіктермен және қоғамдық медиаторлармен өңірдегі медиация институтын дамыту үшін тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасау жұмысын жалғастыру ұсынылды.
Оған қоса, халық арасында бітімгерлік рәсімдерді насихаттауды және Жамбыл облысы ҚХА кәсіби емес медиаторларының біліктілігін арттыру үшін оқыту курстарын өткізуді жалғастыру.
Қоғамдық келісім «КММ баспасөз орталығы»
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
Баспасөз қызметі орталығы