Сұхбат Акмарал Жахановамен
Бүгінде еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы көпке үлгі екені даусыз. Әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігіне кепіл болар үлкен құрылымдық күшке айналды. Осы орайда Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, Жамбыл облыстық Ішкі істер басқармасы, полиция департаментінің подполковнигі, Тараз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Жанисова Ақмарал Жаханқызынан өзге этностар арасындағы тыныштық, татулық, біртұтастықты сақтау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және отбасындағы әйел бейнесі төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
Бибігүл Шахзада: – Құрметті Ақмарал Жаханқызы, сіз полиция қызметкерлігіне қалай келдіңіз және де осы мамандықты таңдауға не түрткі болды? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ..
Ақмарал Жаханқызы: 1997 жылы ҚазМУ-дың студенті ретінде мен “Журналистика” мамандығы бойынша жоғары білім алып, оқуымды тәмәмдадым. Бастапқыда менің еңбек жолым облыстық “Ақ жол”газетінен басталды. Онда біраз уақыт жұмыс істедім. Жолдама бойынша мені полиция департаментіне жолдап, баспасөз қызметінің инспекторы болып бір жарым жыл жұмыс істедім. 1997 жылдан бергі үздіксіз еңбегімнің арқасында қазіргі таңда еңбек жолым 23 жылға таяп қалды. Алғашқы кезде кіші лейтенант атанып, бір жылдан кейін толық лейтенант атағын алдым. Сол кезден бастап осы уақыт аралығында полиция подполковнигі лауазымына дейін көтерілдім. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесін басқарамын. Яғни, менің қызметім тұрмыста құқық бұзушылық жасайтын агрессорлармен байланысты. Біздің жұмыс әйелдер қауымының конституциялық құқығын оған қоса, балалардың құқығын қорғау болып табылады.
Бибігүл Шахзада: Отбасыңызбен жұмысты тең ұстау сізге қиынға соқпайды ма?
Ақмарал Жаханқызы: Әрине, егер мен жалғыз болсам, қиын болар еді, бірақ менің үлкен отбасым бар болғандықтан, апа-аталарымыз қашанда қол ұшын созып, көмектесіп отырады. Сондықтан бұл тұрғыдан менің жолым болды. Балаларымыз қазір кішкентай. Сол себепті, біз олардың білім алуларына ерекше көңіл бөлеміз. Алғашқы жарты күндікте олар мектепте болса, күннің екінші жартысында балалар қосымша сабаққа қатысады. Ал кішкентайымыз бала-бақшаға барады. Есесіне кешқұрым дастархан басында үлкен отбасымызбен бәріміз жиналып, мәре-сәре боп кешкі асымызды ішеміз.
Бибігүл Шахзада: Сіздің отбасыңыздың әдеттегі күні қалай өтеді?
Ақмарал Жаханқызы: Айтып өткенімдей балалар әлі кішкентай, сол себепті отбасымызбен күнделікті ерте тұрамыз. Балалардың сабақтары таңғы 8-де басталады, менің де қызметім сол уақыт шамасында басталады. Барлығына үлгеру үшін, біз таңғы 6-да ұйқымыздан тұрамыз.
Бибігүл Шахзада: 1 немесе 2 балалы аналарға айтар қандай кеңесіңіз бар?
Ақмарал Жаханқызы: Көптеген ата-аналар қазіргі заманда “өзгерістер дәуірі” дегенді айтып жүр, ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарайды. Және бұл мәселеге келгенде олар аса сақтықпен қарауға тырысады. Менің ойымша, біздің Қазақстанның демографиясын көтеру үшін, егер денсаулықтары жарап тұрса, қорықпай, әрі қарай отбасын үлкейте берсе екен деймін. Тіпті менің өзім мүмкіндік болса, әлі де болса балалы болсам деген ниетім бар.
Бибігүл Шахзада: Сіз ойлаған мақсаттарыңыздың барлығына қол жеткіздіңіз бе, әлде, әлі де алар асу, шығар биігіңіз бар деп ойлайсыз ба?
Ақмарал Жаханқызы: Генерал болуды армандамайтын солдат жасық. Сондықтан, алдағы уақытта полковник болсам деген мақсатым бар. Егер мүмкіндік болып жатса, генерал да болсам деймін. Дегенмен де, әйел адам үшін ең бастысы – от басы, ошақ қасы. Менің жетістігім – менің балаларым! Олар лайықты білім алып, қоғамның белсенді мүшесі, еліміздің құрметке лайықты азаматтары болып өссе деймін, бар арманым –осы!
Бибігүл Шахзада: Құрметті Ақмарал ханым, алтын уақытыңызды бөліп, бізбен арнайы сұхбаттасқаныңызға рахмет, алғыс білдіреміз.
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі