Қазақ халқына мың алғыс!

Көктемнің алғашқы күні, Алғыс күні Тараз қаласындағы Достық үйінде кең көлемде аталып өтті.

Алғыс айту күні – біздің ортақ тарихымызды құрметтеудің белгісі,                әр алуан этнос өкілдерінің өз Отанына айналған киелі қазақ жері мен кеңпейілді қазақ халқына терең тағзымның белгісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың                         2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығына сәйкес 1 наурызда елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл күн этносаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, жалпыхалықтық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні болып табылады.

Бүгінгі таңда бұл мереке – барлық қазақстандықтар үшін қайырымдылықтың, достық пен бірліктің жарқын үлгісі, ел азаматтарының ынтымағын арттыруға ықпал ететін мереке. Алғыс айту күні – Қазақстанда бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құруының айғағы. Сындарлы саясаттың арқасында елімізде жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасты, оның арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады.

Биылғы жылы «Қазақ халқына мың алғыс!» атауымен өткізілген мерекелік іс-шараның мақсаты Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға ықпал ету, этникалық топтардың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау, этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру және ұлттық құндылықтарды құрметтеу.

Мерекелік шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктердің басшылары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың және Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпақтары, облыстық соттың төрағалары, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының оқытушылары,  Би, Аналар, Ақсақалдар мен Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, облыстық медиаторлар, қылқалам және  қолөнер шеберлері,               «Ақ желкен» жастар лигасы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Айбын» әскери патриоттық клубының мүшелері, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

Мереке қарсаңында өңірлік Достық үйіне бет алған жұртшылықты мұндағы қызметкерлер туған жер, туған ел, достық, татулық сынды тақырыпта әр этностың тілдерінде жүргізілген радиоконцертпен қарсы алды.

Достық үйінің бірінші қабатындағы фойеде «Өмір ағашы» орналастырылып, оған тілек жазылған қағаз алмалар ілінген.  Сонымен қатар, қайырымды жандар үшін мұнда «Жүрек» инсталляциясы да қойылып, онда денсаулық жағдайынан қаражатқа мұқтаж жандардың фотосуреттері жабыстырылған.

Достық үйінің екінші қабатында қазақ халқының ежелден келе жатқан киіз үйі орналастырылып, дастарханға қазақтың ұлттық тағамдары қымыз, құрт, ірімшік, бауырсақ т.б. ұсынылған. Мұнда қонаққа келгендер дәмнен ауыз тиіп, оларға тағамның құрамы мен пайдасы туралы айтылды. Сонымен қатар, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киіз үй  ішінде қамшы, домбыра сияқты бұйымдар ілінген.

Елбасымыз 2018 жылы қараша айының 21 жұлдызында жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жылқы түлігі ежелден Ұлы Даланы мекендеген қазақ халқының жеті қазынасының бірі саналатын киелі жануар. Дастарханға қымыз сусының қойылып, оны кеңінен түсіндіру әрі ерекше назар аударуының басты ссебебі осында.

Сонымен бірге, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасының оқытушылары дайындаған этникалық стильдегі заманауи қазақы киімдерден дефиле ұйымдастырылды. Сән көрсетілімімен бірге қалалық, облыстық  қолөнер және қылқалам шеберлерінің тундыларынан көрме көрсетілді.

Мерекелік іс-шара барысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық соттың төрағалары, әділет органдарының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және Билер, Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің мүшелерінің қатысуымен «Медиаторлардың ашық есік күні» іс-шарасы өтті. Ашық есік күнінің басты мақсаты қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша медиация институтын дамыту, қабылданған шаралар туралы азаматтарды хабардар ету болып табылады.

Алғыс күніне арналған мерекелік іс-шара ары қарай концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековтың алғы сөзімен басталды. Б.Орынбеков өз сөзінде «Сіздерді «1наурыз – Алғыс айту» күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ҚХА ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні – 1 наурыздыалғыс айту күні» атап өтуді ұсынды. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл елдің бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Құрметті жерлестер! Халқымыз алғыс, бата алуға үлкен мән берген. Ендеше, осындай күнді пайдалана отырып, айналамыздағы мұқтаж жандарға қол ұшын созсақ, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға аз да болса көмек көрсетсек жақсы болар еді. Қоғамның ең басты құндылығы – тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін осы атаулы күнді барынша жоғары деңгейде өткізу қажет. Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен тағы да құттықтай отырып, зор денсаулық, бейбітшілік пен келісім, сәттілік және жанұяларыңызға бақыт тілеймін!»-деп, жиылған жұршылықты мерейлі мерекемен құттықтады.

Ары қарай мерекелік кеште «Қазақ халқына  мың алғыс!» тақырыбындағы «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұсынған театрландырылған қойылымы көрсетілді.

Меркелік концертте  «Нұр-Шашу»,«Үкілім», «Тохуар» , «Юлдузча» және «Дэймакх Stayle» би ансамблдері, «Асыл ана», «Калинка», «Маричка» вокалдық ансамбльдері және Нұрай Ғаниқызы, Болатбек Мухраб, Қосақбаева Ақбота, Замир Әуелбеков, Әсетова Элдана және «Самульнори» барабаншылары мен мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының дарынды  балалары өнер көрсетті.

Сонымен қатар кеш барысында «Өмір сыйла!» қайырымдылық акциясы мен «Рахмет» флешмобы, облыстық ассамблея мүшесінің Тараз қаласының тұрғыны, көп балалы ана Г.Мырзахметоваға пәтер сыйлануы, «Мейірімділікпен бірлікке!» қайырымдылық науқаны аясында «Сарқыт» акциясы, Алғыс айту күні және «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» құрылғанына 30жыл толуына орай «Біз-Қазақстанның біртұтас халқымыз» атты ашық есік күні, Қордай ауданы Масаншы ауылында «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне және Сортобе ауылындағы «Ноғайбай би» стелласына гүл шоқтарын қою рәсімдері туралы бейнероликтер көрсетілді.

Мерекелік іс-шара соңы әр этномәдени бірлестік мүшелерінен құралған ансамбльдік топтың «Өз елім!» әнін орындалуымен және естелік суреттерге түсуімен аяқталды.

Сондай-ақ, Алғыс күні қарсаңында, яғни екінші наурыз күні «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі Тараз қаласының жалпы білім беретін №9 орта мектебінде меркелік кеш өткізді. Іс – шара «Алғыс күні», «Жастар жылы»  және Қазақстанда тұрып  жатқан «Ахыска» түрік халқының 75-жылдығына арналған.

Кеш барысында Интерактивті кабинетте ауызша толеранттылық сабақтар жүргізіліді, Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің дайындаған бейнеролик көрсетілді, концерттік бағдарлама ұсынылды және мектеп мұғалімдеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Жиылған жұршылықты Жамбыл облысы әкімі аппаратының«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев Алғыс айту күнімен құттықтап, қазақ халқына рахметтерін айтты.   

Кеш соңы, аспанға шар ұшырып, шақырылған қонақтарға бауырсақ таратумен және естелік суреттерге түсумен аяқталды.

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі