Жамбыл облысының Қордай ауданы Масаншы ауылында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы мен Қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы болды

Ағымдағы жылдың 18-қаңтарында Жамбыл облысының Қордай ауданында Жамбыл облысы ҚХА хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ және облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің ұйымдастыруымен бейбітшілік пен бірлікті,  азаматтық сәйкестік пен этносаралық қарым-қатынастарды  сақтау мақсатында  көшпелі отырыс өтті.

Кеңейтілген отырысқа ҚХА хатшылығы, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері – ғылыми-сараптамалық топ, әдістемелік бөлім, «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы»  қоғамдық бірлестігі, Қордай ауданы әкімдігі, аудандық білім бөлімі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен жастар ресурстық орталығы, жергілікті полиция бөлімшесі және облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде көрсетілгендей аталмыш мәжілісте жоғарыда аталған мекемелердің жалпыұлттық бірлік саласындағы жұмыстарының атқарылуы, Қордай аудандық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының ҚХА кезекті ХХҮІ сессиясында берілген жергілікті бюджеттердің тиімді пайдалануын қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік секторда прогресстік технологияларды ілгерілету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы және басқа да түрлі мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі мен облыстық Қоғамдық  келісім кеңесі төарағасының қоғамдық қабылдауы болып өтті.

Көшпелі  отырысты Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Самақова Гүлмира Батырәліқызы бастады. – Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңарту кезінде «Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығын сабақта және сабақтан тыс уақытта білім беру саласындағы оқу пәндерінің үлгілік оқу жоспарларына кіріктіру арқылы көрсетілуде. Атап айтсақ, барлық мектептерде 7-сыныптарда «Өлкетану» курстары, ал 8-сыныптарда «Туған өлке тарихы» курстары енгізілді. Барлығы, мұражайлар мен мектептен тыс тарихи орындарда 235 сабақ өткізіліп, 5548 оқушының қатысуы қарастырылды. «Мәңгілік ел» – халқымыздың болашаққа бағыт берер шамшырағы. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі. «Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлігі мен берекесі» деп айтқан Елбасшымыз  Қазақстан халқына,-дей келе Гүлмира Батырәліқызы,  аудандық білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында «Мәңгілік ел» патриоттық актісі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың барлық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту және ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында мынадай жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын көрсете келе, оның ішінде 1326 сынып сағаттар, 35 дөңгелек үстел және әр түрлі форматтағы 41 іс-шара өткізіліп, 29506 оқушы, 2725 педагог-қызметкерлер мен 18230 ата-ананың қамтылғанын атап көрсетті. Аудандық білім басқармасының іс-шараларының бұл көрсеткіші жиналған жұртты қуантпай қоймады.

Семинар кеңеске қатысқан 35 адамның ішіндегі  аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Қапархан Елжас Ерболұлы да өзінің  есеп беру баяндамасында бірқатар ірі шаралардың орындалғанын атап өтті. – «Жасыл ел»  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында абаттандыру жұмыстарына 86 белсенді жас жұмысқа тартылды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданымызда 6 аула клубы жұмыс істеуде, соның бірі Масанчи ауылдық округінің мәдениет үйінде орналасқан. Клубта жастар  шахмат, дойбы, үстел теннисі үйірмелеріне қатыса алады. 12ай ішінде 4600 жастың бос уақыттары пайдалы іс-шаралармен қамтылды, – дей отырып, жыл басынан нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласы бойынша, сыбайлас жемқорлық әрекетімен күресу, жастарды жемқорлыққа бармауға тәрбиелеу мақсатында бірқатар кездесулер, флешмобтар, спорттық жарыстар, дәрістер, акциялар өткізілгендігін тілге тиек етті.

Сонымен бірге отырысқа қатысушылар қылмыстың  алдын  алу, дінтану сияқты жұмыстардың аясында  орындалған  шаралардан  да  хабардар болды.  Қордай аудандық ІІБ ЖПҚБ-нің бастығы, полиция подполковнигі Н.Төлеуішовтың баяндамасы бойынша Қордай ауданында 2018 жылдың 12 айының қорытындысымен,  былтырғы жылмен салыстырғанда қылмысты істердің саны 989 дан 758-ге, ауыр қылмыстардың саны 79-дан 45-ке, аса ауыр қылмыстар 19-дан 15-ке, орта дәрежедегі қылмыстардың саны 634-ттен 404-ке, кіші дәрежедегі қылмыстар 22,5 пайызға, яғни сан жағынан 151-ден 117-ге дейін төмендегені  нақты деректер арқылы көрсетілді. Қордай ауданы аумағында АІІБ ЖПҚ-нің  қызметкерлерімен 2018 жылдың 12 айында қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алудың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 3702 тұлғаға айыппұл салынып,  17405507,5 сомманың 10491133 теңге сомасы өндірілді, өндіру пайызы 64,3 пайызды құрайтындығын айшықтап көрсету арқылы қосымша түрде ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, бұзақылық, зорлау, адам өлтіру қылмыстарын да ауданнан бөлек ауылдық округтер бойынша да талдап шықты. Басқа да мекеме өкілдері жыл бойына атқарылған іс-шаралардың жалпы қорытындыларымен таныстырып есеп берді.

Көшпелі  отырыс соңында  Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы мен Жамбыл облысы ҚХА Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Тілеумұрат Шәбденұлы,  достық пен ынтымақты ту етіп, бірлік пен татулықты жыр еткен Қордай ауданының барша тұрғындарына  өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

 

 

 

Б.Утепова

Жамбыл облысы әкім аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ    

Баспасөз қызметі