АНАЛАР ДОЙБЫДАН ДОДАҒА ТҮСТІ

Бұқаралық спортты дамыту әрі халықты салауатты өмір салтына бағыттау – еліміздегі күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі.

Әсіресе, тұрмыс тіршілігінен қолы босамайтын аналардың спортпен шұғылдануы да айрықша маңызға ие. Осыған орай, ҚХА-ның “Салауатты сана” жобасын жүзеге асыру мақсатында Меркі аудандық Аналар кеңесінің өкілдері арасында дойбы сайысы ұйымдастырылды. «Аналар асыл жандар» атауымен өткен спорт жарысына ауданға қарасты 14 округтен 20 ойыншы қатысып, бақ сынады.

Айта кетейік, дойбы додасына Ә.Өмірзақова, Б.Молдраймова, Ә.Аманбаева, Р.Досумбекова, М.Увалиева, Р. Анафияева, Ы. Рай, О.Макашева, Р.Байбосынова секілді кеңес төрайымдары да белсене атсалысты.

Интеллектуалдық жарыс нәтижесіне сай А.Жазықбаева жеңіске жетсе, С.Отарбекова екінші орынға ие болды. Ал М.Тортаева үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ, «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша Г.Беркімбаева және « Жеңіске деген құштарлығы үшін» Ә. Өмірбекова арнайы жүлдеге иелік етті.