ГУЛАМ

Бірлік бар жерде жасампаздық салтанат құрып, өрлеуге жол ашылады. Мұны тереңнен тамыр тартатын тағылымды тарих әлдеқашан дәлелдеген. Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында осынау құндылықтардың мән-маңызы туралы кеңінен баяндалды.

Алқалы жиында Президент ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жүзеге асты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынын нақты айтты. Президент атап көрсеткендей, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі кезекте әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшуге басымдық беру қажет.

Байыпты басқосуда Ассамблеяның жұмысын жандандыруға бағытталған нақты міндеттер де белгіленді. Біұл тұрғыда бірегей құрылымның тынысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестірудің тиімділігі мол.

Сонымен қатар Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу мәселесі де өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

Бір сөзбен айтқанда алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. «Ырыс алды-ынтымақ» дегендей, татулық пен тұрақтылықтың тұғырын нығайта отырып, әлі талай белестерді бағындыратындығымыз сөзсіз.

 

Гулам Умаров, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының орынбасары