ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ
Бүгін Достық үйінде «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрмесі басталды.
«Қоғамдық келісім» КММ және «Жуалы ауданы білім бөлімінің №1 Балалар өнер мектебі» КММ бірлесе ұйымдастырған көрме үш күнге созылады. Ұлттық бимен түндігі түрілген салтанатты шарада Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева өнер мектебінің жетістіктеріне тоқталып, жұмысына толағай табыс тіледі.«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева «қол өнер – зор өнер» дей келе, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көрменің берері мол екенін атап, аталған өнер ұжымына ыстық ықыласын білдірді. Отыз жылдан астам тарихы бар өнер өлкесінде қазіргі уақытта 1200-ге жуық шәкірт алты бағыт бойынша білім алуда.
Қолөнер көрмесіне темірден түйін түйіп, сазды сәнді бұйымға айналдырған өнер ұжымының 130-дан астам төл туындылары қойылды. №1 Балалар өнер мектебі» КММ директоры Қанат Мұратаев қонақтарды көрме жұмыстарымен таныстырып, соңғы жылдары қолданысқа енген замануи «Стимпанк» өнер бағытындағы дүниелерді ерекше атады.
Айта кетейік, өнер мектебінің жұмыстары облыстық, республикалық, халықаралық бәсі жоғары байқауларда жоғары орыннан көрініп келеді.