Тіл – татулық тірегі
Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Үлгілі» ауылдық орта мектебінде тілдер бірлестігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, ілгерілету мақсатында «Тіл – татулық тірегі» атты іс-шара өтті.
Мектеп директоры Нұркен Айтбекұлы Кенжеқұлов пен мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, директордың құқықтық тәрбие орынбасары және ҚХА медиаторы Мелдебекова Динара Сабырбекқызының басшылығымен ұстаздар ұжымы, әсіресе, тіл мамандары іс-шараға жаппай атсалысты.
Ерекше атап өтейік, аталмыш мектеп аудан бойынша ҰБТ тестілеуден алдыңғы орында келеді екен.
Аталған жиынға Жамбыл облысы ішкі саясат басқарамасының «Қоғамдық келісім» КММ Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева және Баспасөз қызметі, аудандық ішкі саясат бөлімі және тіл бірлестігінің мамандары, мектеп ұжымы, оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында мектеп өзге ұлт өкілдерінен тұратындықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, атқаратын қызметі мен берілген құқығы, мақсаты, маңызды бағыттары және этномәди бірлестіктер туралы оқушылар тарапынан ақпараттар беріліп, викториналық сұрақтар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығын негізге ала отырып, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ шаңырағына қонаққа келуі туралы шағын қойылым ұсынылды. Онда өзге этнос оқушылары сахналық қойылымға сай қазақ тілінде өлеңдер оқып, өнерлерін ортаға салды.
Сонымен бірге, Бітімгерлік саласына қатысты және алда келе жатқан Сайлау жұмыстары жөнінде ҚХА-ның Байзақ бойынша медиаторы, аудан белсендісі Ғайни Көшекбаева шараға аса ыждаһаттылықпен дайындалған оқушылар мен ұстаздарға ілтипатын көрсетіп, жүрекжарды алғысын білдірді.
ҚХА медиаторы Гайни Ақылбекқызы өз сөзінде балалар мен жастардың азаматтық сана-сезімін, қоғамда сындарлы қарым-қатынас дағдыларын дамытатын, жанжалды жағдайлар мен құқық бұзушылықтар санын азайтатын бірқатар Медиация қызметтерімен таныстырып, оны дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан әрі ол Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, Президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сөз соңында Г.Ақылбекқызы өзінің “Білім беру саласындағы медиаторлық қызметті ілгерілету жолдары” атты кітабы мен бітімгерлік қызметін ұйымдастыруға көмек беретін құжаттардың толық пакеті ұсынды.
Бірлік пен бірегейлікті арқау еткен шара соңы концерттік бағдарлмаға ұласып, келген қонақтардың “Үлгілі” орта оқу орнының үлгілі оқушылары мен ұлағатты ұстаздарына жылы лебіздерін білдіруімен тәмамдалды.
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы