Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі 2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында қарастырылған болатын.
Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы «Бүгін этносаралық қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңінің уақыты келді»-деген. Сондай-ақ, 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесінде Елбасы этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс барын баса айтты. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін тапсырды. Бұған қоса, «Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін –бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді.
Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі. Осыған орай, ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткердің бірі боп Қордай ауданы Сартөбе аулының әкімі Буларов Ильяс Юсупович енді.
Небір қилы кезеңді, тар заман мен зар заманды бастан өткерген халықпыз. Бауырмалдығымыз бен қонақжайлығымыздың жөні бір бөлек. Жатты жатырқамайтынымыз, бауырмашылдығымыз сол, тағдыр тауқыметін тартып, қазақтың кең даласына күштеп жер аударылған талай халықты құшақ жая қарсы алдық. Паналаттық, үзім нанды бөліп жедік.
Енді міне, сол халықтармен бірге бір шаңырақ астында достық шыраймен, бауырлық пейілмен жарастықта тұрмыс кешіп жатырмыз. Бар қиындықтан бірлік пен ынтымақтың арқасында өтуге серттескенбіз. Осынау сайлау қарсаңында Қазақ елін және барша этнос өкілдерін бәрімізге тиесілі ортақ міндетімізді бірге көтеріп, бүгінде ұлттық тұтастығымызды қадірлеп, әлем алдында беделді мемлекет атағымызды қадірлейік отыра, алдағы сайлауға аянбай атсалысайық демекпін. Халық жағдайына жасалған міндеттерге сеніп, алдағы сайлаудан үлкен үміт күтейік, отандастар!
Бірлік пен келісім құндылықтарын сақтап, бейбіт өмірде елімізді өркендетуге күш салайық!
Алпысбай Жұмаханов,
Жамбыл ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы