ӨНЕРІМІЗ САҒАН, ҚАЗАҚСТАН!
Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты этномәдени берлестіктер фестивалі өтті.
Салтанатты жиын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаеваның құттықтау сөзімен басталды. Өткен жылы атқарылған ауқымды істерді ауыз толтыра айтқан мекеме басшысы алдағы жылдың жоспарымен бөлісіп, ел игілігі мен бірлігінің мызғымас беріктігі жолында атқарған әр іске береке тілеп, этнос өкілдеріне жаңа жыл қарсаңындағы ақжарма тілегін арнады.
Сондай-ақ, іс-шара барысында мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан халқының бірлігі Достық» атты республикалық байқауына қатысып, қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан халқының бірлігі ДОСТЫҚ» төсбелгісімен «Радонеж» орыстар қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» РҚБ аймақтық төрағасы Фарида Нақыш, «Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы Макхам Орифов марапатталды.
Фестиваль барысында жыл бойы ҚХА шеңберінде жұмыла жұмыс істеп белсенділік танытқан, облыстық ҚХА мүшелері мен құрылымдары, этномәдени бірлестік басшылары мен өкілдері, ансамбльдер және өнерпаздар марапатталды.
Мерекелік жиында өңірдің белсенді өнерпаздары мен этнос өкілдері ән мен жырдан шашу шашты.
Марапат алып мадақталған қонақтар алғыс айтып, естелік суреттерге түсіп тарқасты.