ӨҢІРЛІК ҚХА БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТ ТӨРІНДЕ
Бүгін Ж.Баласағұн атындағы орталық концерт залында облыс әкімі, облыстық ҚХА Төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.
Аймақ басшысы жиналған қауымды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталып, бірқатар облыс белсенділерін марапаттады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес наградталғандар қатарында республикалық және аймақтық ҚХА мүшелері, этномәден бірлестік жетекшілері мен өкілдері де бар.
Атап өтсек, «Құрмет» орденімен облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени орталығының және «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары Махмутжон Давришев, Александр Гибнер марапатталды.
Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Облыстық «Корё» Кәрістер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лаврентий Канға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі табысталды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Наталья Перфильева, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл облыстық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Леля Узденова, «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері Рамазан Джамалов және Ихия Чешанлоға берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің мүшесі Алижон Мулладжанов пен «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Амина Эрса наградталды.
Мереке қарсаңында еңбектері еленіп, мерейлері үстем болған этнос өкілдерін «Қоғамдық келісім» КММ атынан құттықтап, жеңісті де жемісті күндері көп болсын деп тілек білдіреміз.