ҰМЫТ БОЛҒАН ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУҒА БАҒЫТТАЛДЫ
Қазақ тарихындағы ең алғашқы сәулеттік құрылыстың бірі – киіз үй екені даусыз. Ал құнын жоғалтпаған қазақтың киіз үй жабдықтарының да түрі мен атқаратын рөлі ерек.
Ұмыт болған ұлттық бұйымды қайта жаңғырту мақсатында өңірлік ҚХА жанындағы қолөнер шеберлері Достық үйінде шеберлік сыныбын өткізді. Бұл жолы қолөнер шеберлері ертеде кез-келген шаңырақтан табылатын шашақ бауды жасап үйренді. Әсемдік үшін шаңыраққа ілінетін шашақ баудың қыр-сырын қатысушыларға «Qoloner-Taraz» қолөнершілер қоғамдық бірлестігінің өкілі Аманкүл Джантаева көрсетіп, түсіндірді.
«Шашақ бау өмір жасыңыз ұзақ болсын деген ниетпен үзілмеген жіптен жасалынады. Біз оған жолымыз оң болсын, аспанымыз ашық, өркеніміз өсе берсін деп түрлі түстерді таңдап алдық. Бірлігіміз ажырамасын деген тілекпен олардың әрқайсысының басын буып, біріктіреміз. Сол жерге ата-бабамыздан мұраға қалған бақыт түйінін түйеміз» – дейді Аманкүл Джантаева.
Шебердің айтуынша, шашақ бау жасауға көп уақыт кете қоймайды. Ең бастысы, оған ден қойып, шыдамдылық танытсаңыз болғаны. Өз қолыңыздан шыққан мұндай бұйымды достарыңызға, туған-туысқандарыңызға сыйлық ретінде ұсына аласыз.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі