«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ» ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы өтті.

«Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жаңа жобасының тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік тілді ілгерілетіп, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шараға облыстық ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, «Мәміле» клубының мүшелері, этномәдени бірлестіктер, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ, тілдерді оқыту орталығы, БАҚ өкілдері қатысты.

К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Динара Маханованың орындауындағы «Қанекей тілім сөйлеші» әнімен шымылдығы түрілген жиынның алғы сөзін облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан алып, мемлекеттік тілді меңгеру – ұлтты ұйыстырудың өзегі екендігін атап өтті.

Айта кетейік, өңірлік ҚХА жанынан мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, қолдану көкжиегін кеңейтіп жүрген этностар арасынан 71 спикерлер пулы қалыптасқан болатын. Бүгінгі форум барысында үздік спикерлер қатысушыларға танымдық бағытта баяндамалар жасап, өз ойларымен бөлісті.

Форум жұмысы барысында «Қазақ тілін қалай үйрендім?» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің төл тілімізді қалай үйренгені туралы естеліктері айтылды. «Мемлекеттік тіл – әлеуметтік баспалдақ» айдары аясында медицинада мемлекеттік тілді дәріптеп жүрген Жуалы аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі, беделді хирург, аудандық мәслихат депутаты, Әзірбайжан этносының өкілі Қалды Байрамов қызмет барысында қазақ тілді білгеннің тиімділігі турасында ой бөліссе, «Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі» РҚБ жастар қанатының төрағасы Риналь Рахматуллин қазақ тілін меңгеру арқылы үлкен жетістіктерге ие болғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында келесі жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Еңбек адамдарына деген құрмет алдыңғы орында болуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Адал азамат» жобасының да мәні осындай. Аталмыш жоба шеңберінде өңірдегі Жаңа Жамбыл фосфор зауытының инженер-технологы, кәріс этносының өкілі, техника тілін қазақшалаған Тен Дмитрий өзінің пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ, ауқымды шарада тіл байқауларының жүлдегері, Қордай ауданы Қарасу ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Елена Борисевич, «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Фарида Нақыш, Сарысу аудандық орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Валентина Савчук, Қаратау ауданы №1 мектеп-лицей мұғалімі Ханумхас Ахметова, Мойынқұм аудандық «Ақбөпе» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Телли Давыдова, Жуалы аудандық Шақпақ ата ауылдың округі әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкері Рамиля Тальбова «Менің қазақ тіліне жету жолым» тақырыбында ой білдіріп, қатысушыларды мемлекеттік тілді үйренуге шақырды.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, Әлем халықтары Жазушылар Одағының мүшесі Үміт Битенова және ҚХА Журналистер клубының мүшесі Марат Құлибаев та форумда белсенділік танытты.

Ал облыстық Тілдерді оқыту орталығының мамандары Назира Ұзақбай форум қатысушыларымен «Қазақша сөйлесейік» тақырыбында тренинг жүргізсе, Айнұр Ақботаева қазақ тілін үйренуге арналған «ІТ жобалар» платформасын таныстырды.

Биылғы жыл рухани қазынаға бай жыл. Себебі, 2024 жылы қазақ әдебиетінің негізін салушы, ақын, жазушы, драматург Ілияс Жансүгіров пен ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл, ақын, драматург Жүсіпбек Аймауытовқа 135 жыл, ақын, жырау, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл, балалар жазушысы, ақын, сценарист Бердібек Соқпақбаевтың және қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан белгілі жазушы, аудармашы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы. Айтулы даталарға орай, «Мәміле» пікір талас клубының мүшелері ақын-жазушылардың тіл тақырыбындағы шығармаларын оқып, облыстық филармония әншісі Нұргүл Абдрашова Кенен Әзірбаевтың «Шырқа даусым» әнін нақышына келтіре орындады.

Шара соңында ҚХА-ның тіл туралы жобаларын ілгерілетуге атсалысқан этнос жастары, атап айтсақ, «Қазақстан татарлары мен башқұрттары конгресі» РҚБ жастар қанатының төрағасы Риналь Рахматуллин мен өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ белсенділері Эсмер Дурсунова және Аяна Ким «Тіл жанашыры» белгісі бойынша марапатталса, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.