Ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін

7 және 9 мамыр мерекелерін Қазақстан халқы Отанға деген патриоттық сезіммен, зор мақтанышпен қарсы алады. Айтулы мерекелер күні таяғанда кеудені шаттық пен қуаныш билейді. Мамыр дегеннен Отан үшін от кешкен намысты, жігерлі, рухты, бабалар мен бүгінгі солардың ұрпағының ел үшін аянбай еңбек етіп жатқаны елестейді.

Еліміздің басына орнаған бүгінгі бейбіт күн, ашық аспан, тұрақтылық пен береке, ырыс пен несібе Отан қорғаған батырлардың, қаһармандардың арқасында келген. 140-тан астам ұлт пен ұлыстың бүгінгідей қой үстіне бозторғай ұялаған мамыражай өмір сүруі ер азаматтарымыздың Ұлы Даланы, Мәңгілік елді кірпік қақпай күзеткендерінің нәтижесі.

Тәуелсіздік пен бейбітшілік – мемлекеттің дамуы мен өрлеудің кілті. Әскер осы екі маңызды фактордың сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери мектептер желісімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етумен ерекшеленеді.

«Барбанг» күрділер ассоциациясының атынан барша қазақстандық және жамбылдық – еліміздің ержүрек азаматтарын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Отанымыздың жеңістің туын желбіреткен мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.

Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз.

Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Сартиф Алиев

Республикалық «Барбанг» күрділер қауымдастығы

филиалының төрағасы

 

#7мамыротанқорғаушыларкүні

#9мамыржеңіскүні