ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ
Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып тәрбиелеуде өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ассамблея бөбектері» және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қалалық білім бөлімімен тығыз жұмыс жасауда.
Ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен қалалық білім бөлімі «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасына сай «100 кіші бағдарлама» аясында әдістемелік материалдарды әзірлеудің 2024-2026 жылдарға арналған жоспарын әзірлеп, меморандумға қол қойған болатын.
Аталған жобаны ілгерілету мақсатында «Қайнар и С» ЖШС бөбекжай-балабақшасы «Жасыл ел, жасыл балабақша» тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырды. Шара мектепке дейінгі балаларды қоршаған әлемді танып, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жиынға қатысқан мектепке дейінгі білім бөлімінің әдіскері Гульфайруз Есенқұлова, бөбекжай құрылтайшысы Сағат Жүнісбеков, «Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЗТБ Жамбыл филиалының төрағасы Эльнұр Құрманәлиева және «Қайнар и С» ЖШС бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бағдат Жүнісбек ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, ел бірлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуде мұндай жарқын жобалардың берері мол екендігіне кеңінен тоқталды.
Іс-шара аясында балабақша жанынан «Гидропоника әлемі» атты арнайы орталық ашылып, лентасы қиылды. Сондай-ақ, кездесу барысында бөбекжай-балабақша тәрбиеленушілерінің алтын күзге арнаған мерекелік бағдарламалары мен біртұтас тәрбиені негізге алған әкелер мен аналар мектебінің жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды.