ҚХА ЖУРНАЛИСТЕРІ ДӘСТҮРЛІ ЖИЫНДА БАС ҚОСТЫ

Еліміздің үздіксіз дамуы мен өркендеуін қамтып,  халық арасында сапалы әрі сенімді ақпарат тарату қашанда маңызға ие. Осыған орай, медиа саласындағы жаңалықтармен алмасып, ҚХА медиа институтының әлеуетін нығайтуда  ҚХА Журналистер клубының көшпелі отырыстары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Биылғы отырыс күні кеше ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы облысы Қонаев қаласында өтті.

«Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары  Әсел Артакшинованың модераторлығымен өткен іс-шара негізгі мақсаты толеранттылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауда БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Келелі кездесуде алғаш болып сөз алған  ҚР  Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин этножурналистика саласындағы бірқатар мәселелерді алға тартты. Атап айтсақ, елдегі этносаралық қатынастарды үйлесімді дамыту, ел бірлігін нығайту, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілету, азаматтардың арандатушылық және деструктивті ақпаратқа иммунитет қалыптастыру, әлеуметтік желілердегі этносаралық тақырыптар, әсіресе «араздық тілінің» алдын алудағы БАҚ-тың рөлін атап өтті. Сонымен қатар бүгінде еліміздің 4 жоғары оқу орынында  «Этножурналистика және этнополитология факультеттері» бар екендігін айтты.

Ал, журналистік этика қағидаларын сақтау, сондай-ақ этносаралық мәселелерді жариялау сәтіндегі журналистер қауымында жауапкершілікті қалыптастыру қажеттігі туралы кәсіби журналист ретінде Әлішер Сатывалдиев баяндады.

Кездесу аясында ұйымдастырылған коворкингте заманауи медиадағы жаңашылдықтар жайы да спикерлер назарынан тыс қылмады.  ЕҚЫҰ-ның коммуникациялар жөніндегі ұлттық кеңесшісі, PR менеджер, медиатренер Айбар Олжаев «Медиа-кеңістік 2024: дағдарысқа қарсы негіздер» тақырыбында мардымды баяндама жасады.

Бұдан өзге жиын аясында белгілі журналист, фактчекер Жансерік Тілеухан бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық мәселелерді жариялау және этносаралық мәселелер бойынша көрнекі ақпаратты (фото және бейнероликтер) тексеру тәсілдерін ортаға салды.

ҚХА қызметін ақпараттық сүйемелдеудің басым бағыттары туралы қатысушыларға «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары  Әсел Сейтжанқызы баяндады. Бағдарламаға сай, жиында  әлеуметтанушы, PaperLab ғылыми орталығының директоры Серік Бейсембаев ақпараттық саладағы ұлтаралық қақтығыстың алдын алудың 10 ережесіне тоқталды.

Дәстүрлі жиынның қорытындысы бойынша белсенді қатысушыларға ҚР Парламенті Сенатының депутаты – ҚХА Журналистер клубының төрағасы Әлішер Сатвалдиев пен ҚР МАМ ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Масагутованың атынан сертификаттар табыс етілді.