Қордайлықтар «Қайырымдылық керуенін» қарсы алды

0_6

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Қайырымдылық керуені» тағы да жолға шықты. Бүгінде ол Қордай ауданының Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылына келді. Мұнда 800 ден астам ауыл адамдары тұрады.

Ассамблея мүшелерін, қазақ, ұйғұр, дүнген, неміс, корей, еврей, орыс этномәдени бірлестіктерінің өкілдерін, салауатты өмір салты орталығының қызметкерлерін, аналар мен ақсақалдар кеңесінің, сонымен қатар «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Бәйтерек ауылының тұрғындары мен ондағы №45 орта мектептің оқушылары қарсы алды.

Облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Рано Убайдуллаева керуеннің басты мақсаты мен міндеттері туралы ауыл тұрғындарына кеңінен айтып берді.  Ол өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз этносаралық келісімді нығайту, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, халықымызға  еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері туралы кеңінен баяндау. Сол жолда біз жұмыла жұмыс атқаруымыз керек», –   деді.

Іс-шара барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, түрлі жұмыстар өткізді. Ғылыми-сараптамалық топтың сарапшылары жастарға «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында, ал «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды.

Мектептің спорт алаңында  жоғары сынып оқушылары екі топқа бөлініп, Қазақстан этностары ұлттық ойындарының спартакиадасына қатысты. Іс-шара соңында қатысушы командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Керуен қатысушылары Бәйтерек ауылының көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік себетін таратып берді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне үлкен алғыстарын білдірді.

Іс-шара  ән-би фестивалімен аяқталды.