Қордай ауданында “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” эстафетасы басталды

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және Қоғамдык келісім КММ ұйымдастыруымен Қордай ауданының Сортөбе ауылында Қазақстан республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту айтулы мерекелеріне орай “Ұлы даланың ұлтаралық тілі” эстафетасы бастау алды. Биылғы жылы ашық форматта облысымыздың ауылдық округтерінде бастау алған мемлекеттік тіл іс-шарасына облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері, ҚХА мүшелері, жастары, аудан тұрғындары, этномәдени бірлестіктер мүшелері және облыстық БАҚ журналистері қатысты.

”Ұлы даланың ұлтаралық тілі” ашық алаңын өткізудегі мақсат – қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру, мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және сапасы мен мәртебесін арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді талқылау.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын ілгерілету негізінде ұйымдастырылған іс-шаралардың бәріне дерлік аянбай қатысып жүретіндердің бірегейлері – облыстық ассамблея мүшелері – этномәдени бірлестіктер жастары, ҚХА еріктілері. Оның дәлелі – Сортөбе ауылында өткен аталмыш тіл форумы. Іс- шара барысында Сортөбе ауылының дүнген, әзірбайжан, түрік, орыс, күрді, кәріс этностарының жастары қазақ тілінің рөлі мен мәртебесін асыруда баяндама жасап, басқаларға үлгі ретінде өз белсенділіктерін танытты. Атап айтар болсақ, Қордай аудандық славяндар этномәдени бірлестігі жастар қанатының мүшесі Станислав Насыров, “Саладин” күрділер этномәдени бірлестігінің төрағасы Ислам Асадов, “Ахыска” түріктер этномәдени бірлестігінің төрайымы Камила Дургалова, “Коре” корей бірлестігінің мүшесі Кирилл Ким және басқа да дүнген, орыс, әзірбайжан этностарының жастары сахнада өз өнерлерін көрсетті. Шара барысында сахнада өз ұлттарының ұлттық киімдерін киген этнос өкілдері қазақтың қара өлеңі мен әуезді әндерін, күйлерін накышына келтіріп орындап, көрерменнің көз айымына айналды. Сондай-ақ, “Вынхуа” дүнгендер қауымдастығының төрайымы Айша Идыбо, ауданның Кұрметті азаматты Төле Сүгірбай және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері жастарға мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және этносаралық карым-қатынастарды нығайту жөнінде сөз сөйлеп, этнос жастарына жол сілтеп, көрсеткен өнерлеріне ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді. Бұған қоса, ұлттық-мәдени көрме ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар көрмеде қойылған әр ұлттың қолөнермен ерекше жасалған ұлттық бұйымдарын тамашалады. Өзге этностардың орындауында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, қазақ прозасының майталмандары Мұкағали Мақатаев, Күләш Ахметова өлеңдері оқылған, түрлі қазақ әндері, күйлерімен өз көрермендерін сусындатқан орайлы кеш соңы “Қазақтай ел қайда” әнімен аяқталып, қорытындысында тіл эстафетасы өзге аудандарға таратылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы

“Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы