ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ АСЫЛЫ ОСМАН – ШУ АУДАНЫНДА
«Мен сүйетін қазағымдай халқым бар» деп қазақ халқы туралы жүрек
түкпіріндегі толғанысын әрдайым айта жүретін Асылы Османқызын
танымайтын жан жоқ, сірә! Ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Парасат ордені» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы
Әлиқызының өнегелі өмір жолы көпке үлгі.
Күні кеше Шу ауданы Төле би ауылдық мәдениет үйінде тіл жанашыры
Асылы Әлиқызы және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы
Мубарак Жинақбаевамен тағылымды кездесу өтті.
Шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы,
қоғамдық кеңес төрағасы, ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік
жетекшілері және аудан жастары қатысты.
Балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келген қайраткер рухани кешті
естеліктерімен бөлісуден бастады. Солақай саясаттың кесірінен туған жерден
көшуге мәжбүр болған сансыз отбасылармен қазақ жеріне қоныс аударған
шақтағы жан тебірентер естеліктерін еске алды.
«Жер ауып келген алғашқы жылдардағы қиындықты бүгінде ешкімнің
басына бермесін деп тілеймін. Сол бір күндерден осы күнге аман-есен
жеткенім – қайырымды қазағымның арқасы» деген Асылы апай қиындыққа
қарамай өзге ұлтты бауырына басқан қазақ еліне деген махаббатын ерекше
атап өтіп, еріксіз айдауға түскен кездегі өмірі еркін болашаққа бастағанын
жеткізді.
Бұдан әрі еліміздегі этностар татулығын нығайтып, ынтымағын ыдыратпай
сақтап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылда атқарған
жемісті еңбегі мен жетістіктері жайлы кеште «Қоғамдық келісім»
мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы баяндай келе,
ұрпақты қоғамға қауіп төндірген бес кеселден сақтануға шақырған
республикалық «Салауатты сана» жобасының бүгінде нәтижелі іске асып
жатқандығын атап өтті.
Ортақ пікірлер тоғысқан басқосуда қонақтар ұрпақ тәрбиесі, тіл тағдыры,
руханият, ұлттық құндылықтар, Отанды сүю секілді салмағы басым
тақырыптарды тарқатты.
Кеш соңында Асылы Әлиқызы жастарға рух бермек мақсатта жалынды
жырлардан оқып, сұрақтарына жауап берді.
Өскелең ұрпаққа тәлімі мол әңгімелер айтып, саналарына ізгілік нұрын себе
түскен қонақтарға аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы алғысын айтып,
сый-сияпат жасады.






