ҚАЗАҚСТАН – БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ МЕКЕНІ

Қазақстан атты ұлы елде көптеген этникалық топтарды біріктіріп, тату- тәтті өмір сүру мәселесі лайықты шешімін тауып отыр десек еш кателеспейміз. Осы орайда болашақта, Қазақстандағы қазақ ұлтынан басқа ұлттардың бауырласып өмір сүру мәселесіндегі негізгі бағыттарды анықтай отырып, олардың ұлттық мемлекетті ұлықтау, мемлекеттік тілді құрметтеу және ұлттық рухты қастерлеу бағытында өрбитіндігін айта аламыз. Әрине, бұл процестердің күштеу арқылы жүрмейтіндігі белгілі. Елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси үрдістер осыны көрсетеді. Дегенмен, бір анығы азаматтық ассимиляцияның болмай қоймайтындығы. Себебі, Еліміздің Заңы бойынша қос азаматтық алуға рұқсат берілмейді.

Сондықтан да, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының оның ұлтына, нәсіліне және басқа да сипаттамаларына қарамай жоғарыда айтылған қағидаларға калтқысыз берілгендігі Қазақстан халкының бірлігін дамытатын бірден-бір жол болмақ. Жалпы, Казакстан Республикасының тәуелсіздік кезеңіндегі дамуы барысында ұлтаралық қарым – қатынастар біркелкі болған жоқ. Тәуелсіздігімізді қолдамай, оған қарсы болған Жоғарғы Кеңестің депутаттарын да білеміз. Казақтардың қылышын жалаңдатып сес көрсеткені де белгілі. Халқының саны жөнінен бесінші орында болып, КСРО-ның барлық халқының 2,5%-ын құрайтын (тек қазақтары), жерінің көлемі бойынша атойлап екінші орында тұрған еуразиялық ірі мемлекет, осындай жағдайда тәуелсіздік жолындағы нақты қадамдарын қарыштай бастаған еді. Осындай алмағайып кезеңде, 1992-ші жылдың 18-ші желтоқсан күні, көпұлтты республикамыздың өміріндегі үлкен оқиға – Қазақстан халыктарының форумы болды. Бұл шараның маңыздылығы, ең алдымен, оның ұлтаралық келісімді, азаматтық тыныштықты, еліміздің рухани бірлігін сақтап, нығайту жолдары туралы жемісті әңгіменің өрбуінде болды.

Ал, 1995-ші жылдың 1-ші наурызында кұрылған Қазақстан халықтарының Aссамблеясы, өтпелі кезеңнің қиыншылықтарынан еңсесін көтере бастаған Қазақ елінің бірлігін нығайтуға нақты үлес қосты деп айтуға болады. Жалпы, Қазақстан Республикасы полиэтникалық мемлекет болып табылады. “Әлем елдері” анықтамалық басылымында полиэтникалық мемлекеттің халықаралық стандарты берілген. Ол бойынша басқа этностар мемлекет халқының 1%-нан артық болуы керек.

Қазақстан Республикасында мұндай көрсеткіштер қазақтардан баска 6 этносқа катысты. Олар орыстар-26,15%, украиндар – 2,95%, өзбектер -2,82%, ұйғырлар 1,51%, татарлар – 1,51%, немістер – 1,46%. Осындай полиэтникалық ұлттарды біріктіріп отырған Қазақстанда аталған этникалық топтардың басын бір арнаға тоғыстырған топтардың ерекше келісім институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент жанындағы консультативті – ақылдасу органы болып табылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанынан кейінгі уакытта елімізде 22 республикалық және аймақтық ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс істеуде. Олар тиісінше 470 облыстық, қалалық және аудандық ұйымдарды біріктіріп отыр.

Қазіргі күні Қазақстандағы барлықтай дерлік этникалық топтар өздерінің этникалық бірлестіктерін құрып отыр. Атап айтар болсақ: немістердің-49 ,қазақтардың-40, кәрістердің-36, татарлардың-29, славяндардың-27, шешендер мен ингуштердің-26, әзірбайжандардың-23, ұйғырлардың-21, орыстардың-20, украиндардың-19, еврейлердің-18, поляктардың-16, түріктердің-14, гректердің-12, армяндардың-11, белорустардың-10, дүнгендердің-10, күрді мен өзбектердің -8, қазақтардың-6, түрікмен, болгар, дағыстандықтардың-4, қырғыз, тәжіктердің-3, карашайлар мен балқарлар, қытайлар, чуваштар, қарақалпақтардың – 2, ассириялықтар, чехтар, прибалтика халықтары, грузиндер, осетиялықтар, лезгіндер, ирандықтар, буряттар, венгрлер, румындар біреуден.

Енді, Қазақ Елінің осы ұлттарға тартымдылығы тұрғысында мына мысалды келтіре кетуді жөн көрдік. Ол еліміз тәуелсіздігін жаңадан алып, әртүрлі қиыншылықтарға тап болған алғашқы кезеңде «елім» деп Германиясына кеткен отбасы жайлы. Сонымен Нина былай дейді: «Германиядан келе жатқанда қалай болар екен деп өзім де ойладым. Толып жатқан құжаттар толтырудан қашамыз ғой. Жоқ, бәрі де жақсы болды. Мектебіме келдім. Әріптестеріммен, шәкірттеріммен қайта қауыштым. Қазір сабақ беріп жүрмін. Қосымша неміс тілін де оқытамын. Қазақстанның бейбітшіл-біріктіру бағытындағы саясатына әрқашан рахмет айтамыз. Еңбекақымыз бар, жұмысымыз бар. Екіншіден, мемлекетіміздің салихалы сыртқы саясатының арқасында Германияға барып-келу, қайту, оралу жөніндегі екі ел арасындагы рәсімдеу жеңілдетілді, бұрынғыдай құшақ-құшақ құжаттар арқалап жүрмейсің.

Қызым да сол өзім оқыған колледжді бітірді, мұғалім боламын деп, содан кейін қазір облыс орталығындағы педагогикалық институттың география пәні бойынша оқуға түсіп, оқуын әрі қарай жалғастыруда. Бәрі де біздің елге қайта оралғанымызға түсіністікпен қарады. Қай жерге кұжатпен барсақ та «е, өзіміздің песчандікі екен ғой»,- дейді. Тіпті, Германия жақта бес жылдай тұрып келгенімізді білсе де, онда неге кеттіңдер, неге келдіңдер деп жатқан ешкім жоқ», – дейді отандасымыз жайқарлана күліп. Әрине, жайдары өмір сүріп, жағымды жаңалықтардың көп болғанына не жетсін.

Дегенмен, бүгінгі күні дүниежүзі күрделі геосаяси жағдайға кез болып отырғаны да белгілі. Осы орайда, 2022-ші жылдың 1-ші қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында Ел Президенті «Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті», – деген еді. Өз Жолдауында Қ.К. Тоқаев жақын болашақта жоғары табысты елдер қатарына ену міндетінен бастау алатын алдағы кезеңдегі мемлекет дамуының бес басты бағыттарын да айқындап берді. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген саяси-экономикалық және әлеуметтік жаңғыртулардың Қазақстанның барлық жауапты күштерінің — партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, шығармашылық және кәсіптік одақтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстанның барлық патриоттарының қызметіндегі ортақ мәселе екендігіне ерекше тоқталған болатын. Олай болса, баршамыз Ұлы Отанымыздың бақуатты болуына бірге атсалысайық.

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

Сейдахан Бақторазов