Қазақ елінің Абайы мен қазақ тілі мен үшін егіз ұғым
Өзі ақын, өзі дана, қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, соның ішінде осы өзіміздің облыстық ассамблея аясында «Абай 175» челленджі, «Абай мұраларын насихаттау» сияқты ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Абай өз ғұмырының ақырына дейін қазақ балаларын оқуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға шақырғанын білеміз. Дана ақын келер ұрпақты, яғни бізді – «жүрегімнің қуаты, перзенттерім» деп бағалаған. Айтылған сөз, жазылған жауһар ойлар бірінші кезекте бізге – қазақ елі жастарына бағытталады.
Жат мінез-құлықтан аулақ болудың нақты жолдарын меңзейді. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық» – деп толғайды ұлы ғұлама.
Ұлы дала философы және ағартушысының өмірден озғанына ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде.
Абай атамыз жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында айтып өткендей: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі»- деп атап көрсетті. Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес, шетелдіктердің де, бұған қоса, қазақ елінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің де мақтанышы. Қазақ елін Абай арқылы тани түсіп, ақынның жырлары арқылы бағалайды.
Ұлы бабамыз замана атты ұлы күштің, халқының бүгіні мен ертеңіне, болашағына – бізге жас ұрпаққа алаңдады. Ол сонау өз заманында-ақ, туған халқын қараңғылықтың бұғауын бұзып, жарқын күндердің шуағына бөленетін жолдарды іздестіріп, тіршілік мақсаты мен мұраты ілім мен ғылымда деген берік тоқтамға келді.
Сондықтан да болар, біздің өңірлік ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастары қозғалысының әрбір мүшесі өздері оқып жүрген – мектеп, колледждегі, жоғарғы оқу орындарында, сонымен бірге облыстық ассамблеямыздың білім-тәрбиесімен Абайдың шығармашылығын тереңірек зерттеп, өзі үшін өмірлік маңызды бағыт-бағдарды таба білуде.
Солардың бірі өзім бола тұра, Жамбыл облыстық әкімдігінің «Қоғамдық келісім» мекемесінің қабырғасында жүріп, оның тәлім-тәрбиесінің арқасында жуық арада – ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына онлайн түрде қатыстым. Облыстық көлемде өзге ұлттар арасында өткен «Жамбыл жырлары» байқауында үздік өнер көрсеткенім үшін марапатталдым. Бұған қоса, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының
қайырымдылық іс-шараларына белсене араласып, Абай мұраларын жастар арасында насихаттауда ол кісінің шығармаларын зор ниетпен өзімше зерттеп-оқып, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде, сондай-ақ, дүнген ұлтының салт-дәстүрін жаңғыртуда да шамам келгенше өз үлесімді қосып жүрмін.
«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумына қатыса отырып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген жерлестеріме, әрі ұстазыма (№34-орта мектептің директоры Динара Нұралиева ) оның ішінде жастарға үлгі боларлық Динара Нұралиева, Виктория Трегубоваға, өзге облыстардың да басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін білудегі ықыластарына риза болдым, оларға деген өз қызығушылығымды жасырмаймын! Кішкентайымнан қазақ тілін білуге деген құштарлығым мені талай армандарға жетеледі.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, өзімнің туған тілім дүнген тілімен қоса, қазақ тілін де өзімнің ана тілімдей көремін! Кішкентай кезімнен мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді көрген ата-анам мені қазақ сыныбына берген еді. Қазіргі кезде сол ата-анама және мектеп мұғалімдеріне алғысымды айта отырып, қазақ тілін жетік меңгеретінімді мақтан етемін! Мемлекеттік тілдің болашағы біздің – жастардың қолында! Сондықтан, тілдің дамуына барлық өзге ұлт өкілдері бір адамдай ат салысайық!
Қорыта келгенде:
Күллі адам өзгерер, Алла өзгермес,
Адал кітап бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен,
Бос сөзбенен қастаспай түзу келмес!
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Жаратканды жаннан тәтті, Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және адал жолы осы – әділетті! – деп айтып кеткендей, ғұлама Абай атамыздың осы өсиетті сөздерін үлкен, кіші де жадымыздан шығармасақ, Қазақ елінде бейбітшілік пен келісім өз жарасымын да, жалғасын да табары сөзсіз!
Жамбыл облыстық ҚХА
«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі,
«Вынхуа» дүнген ассоциациясының жас өкілі
Амина Курбанова