Қарттар үйіндегі мерекелік концерт

9

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай, «25 жұлдызды күн» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысының «Қоғамдық келісім» КММ мен этномәдени орталықтарының өкілдері «№2 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараға қатысқан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров өз сөзінде қарттарды Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық тіледі.

Іс-шара барысында  «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Мамедалы Аббасов, «Айнұры» татар этномәдени бірлестігінің өкілі Рузалия Ахметшина, қазақ этномәдени орталығынан Гүлсім Мәлікқызы түрлі этностардың халық әндерін орындады. Ал  Азиза Джусипова «Дала еркесі» және «Орыс халқының биі» атты хореографиялық композицияларымен көрермендердің ықыласына бөленді. Жастық шақтарын еске алған қарттар әншілерге қосылып ән шырқап, би де кетті.

«Біздің қарттарымызға осындай көтеріңкі көңіл сыйлағанның өзі бір мереке десе де болады. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді Орталықтағы мәдени іс-шаралардың ұйымдастырушысы Қарлығаш Оралбекова.

Қарттар үйінде тұрып жатқан Валентина апай өз сөзінде: «Бүгін біздер үшін мейірімділік пен қуаныштың мерекесі. Осындай мерекені ұйымдастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына көп алғыс айтамыз. Әсіресе, жастарымыз бізді қуантады. Олардың әсерлі әндерін тыңдап, билерін тамашалап отырып, өмірдегі қиын кезеңдеріңді ұмытып та кетесің. Әлі де өмір сүргің келіп кетеді», – деді. Сонымен қатар апайымыз ұйымдастырушыларға мерекелік іс-шараға жиналған көрермендер атынан алғысын білдіріп, осындай кездесулер жиі өткізсін деген ұсынысын айтты.