«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН БЕЛСЕНДІЛІК» АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛДЫ
Ағымдағы жылдың 20 қарашасы күні Достық үйінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясының ашылу салтанаты өтті.
Бұл күні аталмыш шараға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері мен облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Диляфруз Кинжеханова, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері мен өңірлік Поляк этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнева және өзге де спикерлер қатысып, қоғамдағы өзекті тақырыптар туралы баяндама жасады.
Атап айтсақ, жиында әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, сондай-ақ әйелдер мен балалардың әлеуметтік мәселелері, отбасы құндылықтары туралы кеңірек айтылды.
Бұл іс-шара – қоғамымызды зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз және бейбіт өмірге бір қадам жақындату жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, жиын барысында түрлі сала мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы деректерді алға тартып, оған қарсы жүргізілуге тиісті жұмыстардың жәй-жапсарын нақтылады.
Іс-шараға келген қонақтар Жамбыл облысы ҚХА жанынан құрылған шеберлер клубының қолөнершілері жасаған қазақтың ою-өрнегі бейнеленген түрлі бұйымдарын тамашалады.