ЖОБА АЯСЫНДА ҚХА АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шу ауданында өткен «Достық керуені» жобасы аясында «Адал азамат – әділетті қоғам» атты өңірлік Ақсақалдар кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды.

Жиынды облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жүргізді.

Басқосуға облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Шу аудандық Ақсақалдар кеңесі мен этномәдени орталықтарының өкілдері қатысты.

Келелі кездесуде Асқарбек Ақылшаұлы биылғы ҚХА сессиясы мен Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі мәселелерге тоқталып, ҚХА-ның “Адал азамат” жобасы туралы кеңес мүшелеріне кеңірек ақпарат берді.

Сондай-ақ, Шу аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ержан Өмірәлиев, Облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Зуфаров, «Манас-Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаевтар сөз алып, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, жастарды қоғамға адал қызмет ететін ұрпақ етіп тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі рөлін нығайту, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрімізді жаңғырту бағытында тұшымды пікірлерін білдірді.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Медиация» кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева ақсақалдарға медиация төңірегінде баяндама жасады.

Отырыс соңында өңіріміздегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға белсене атсалысқан аудандық Ақсақалдар алқасының мүшелері марапат төрінен табылды