ЖАСТАР ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ АЛУЫ ТИІС

Ағымдағы жылдың 18 ақпанында Достық үйінде Қазақстан халқы
Ассамблеясының 30 жылдығына орай, «Тарих ғибраты» жобасы аясында
өңірлік ҚХА құрылымдары мен қала жастарының кездесуі өтті.
Мерекелік басқосуда аймақтық Ассамблея құрылымдары жастарға «Адал
азамат», «Салауатты сана» жобалары жүктеген патриоттық тәрбие, ұлттық
құндылықтар, тарихты тану секілді мәселелер төңірегінде орамды ойларын
жеткізді.
Алқалы жиында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл
Хаджимуратов және өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының
орынбасары, ғылыми-сараптамалық топ мүшесі Абдурахман Зайнутдинов
жастарға тарихты тану туған елден басталатындығын айтып, тарихтан
тағылым алуға үндеді.
Берік болашақтың негізін қалайтын Аналар кеңесінің де өскелең ұрпаққа
айтары көп. Қоғамның қозғаушы күші болған жас ұрпақты ұлттық
құндылықтарға негіздей отырып тәрбиелеу бағытында аймақ Аналары келелі
кездесуде бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Жастар – кемел келешектің кепілі. Ал жастарға салауатты өмір салтын
насихаттап, тәрбиелік танымдық бағдар беру қоғам үшін қомақты парыз. Осы
мақсатта өткен жылдан бері елімізде республикалық «Салауатты сана»
жобасы жүзеге асып келеді. Нашақорлық, құмарпаздық (лудомания),
тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты
әлеуметтік кеселдермен күресу күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып
отыр. Осынау келеңсіздіктерден барынша аулақ болыңдар» – деген өңірлік
ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова қоғамдық
кеселге қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру жастардан басталатындығын
тілге тиек етті. Өскелең ұрпақты жастайынан өз елінің тарихын білуге, салт-
дәстүрі мен әдет-ғұрпын қадірлеу ісінде Аналар кеңесінің атқаратын қызметі
туралы өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова баяндады.
Ал аймақтық Ассамблея жастарының атқаратын жұмысы, белсенділігі
жөнінде «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары, жамбылдық
жастар жетекшісі Хамида Турдыева жастарға кеңінен мәлімдеді.
Жиын соңында келген қонақтарға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі
Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева Достық үйін аралатып,
өңірлік этностар тіршілігінен ақпарат берді.