Жамбыл облысында «Игі істер марафоны» басталды
Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, айтулы мерекелер қарсаңында Жамбыл облысының бірқатар аудандарында жаңа жоба «Қайырымдылық марафоны» бастау алды. Осыған орай, ағымдағы жылдың 25 ақпанында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы және «Коғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «30 игі іс» қайырымдылық марафонын ілгерілету мақсатында және Алғыс айту күніне орай Қордай ауданының Күнбатыс, Бұлар батыр, Сортөбе ауылдарында қайырымдылық іс-шаралары өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда жауапкершілік, ынтымақтастық, өзара көмек және қайырымдылық сезімдерін қалыптастыру, этносаралық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады.
Аталмыш ауылдарда өткен қайырымдылық акцияларына облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуанышев Сержан Сапарбайұлы, жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары және ҚХА еріктілері, облыстық БАҚ өкілдері қатысты.
Игі бастаманы облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтарының қауымдастығы бастады. Қазақ халқының ертеден келе жатқан «асар» дәстүрі қайта жандануының әсерінен Қордай ауданының Бұлар батыр және Күнбатыс ауылдарында Дүнген қауымдастығы өкілдері бастамасымен жиналған қаражатқа бірі сатып алынған, бірі салынған екі үйдің кілті көмекке мұқтаж отбасыларға табысталды.
Күнбатыс ауылындағы іс-шарада сөз берілген Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев айтулы іс-шараның мән-мағынасына тоқталып өтіп, көпшілікті мерекемен құттықтай келе үй иесіне салтанатты түрде үй кілтін ұсынды. Осыдан кейін, сөз алған Жамбыл облысы және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбайұлы ауыл жастарына татулықтың, бірліктің, қамқорлықтың рөлі қашанда маңызды екенін айтып өтті. Сонымен бірге, қуаныш иелерін ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов та құттықтады.
– Бізге қамқорлық көрсеткен жандарға айтар алғысым шексіз. Енді үйіміз бар, келесі мақсатымыз балаларымызға тәрбие беріп оқыту, елін сүйер азамат қылу. «Асар» жобасына ұйытқы болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан әкімі Рүстем Дәулетке және біздерге қолдау көрсетіп жүрген ауыл әкімі Рамазан Малиевке, ең бастысы осынау игі іске мұрындық болған дүнген ағайындарға рақметімді айтамын, – дейді алты баланың анасы Айман Арынова. 1млн.600000 теңгеге алынған үйдің 4 бөлмесі, 35 сотық жері бар. Демеушілердің айтуынша, алдағы уақытта үйге қосымша бөлмелер қосып салып беру жоспарда тұр.
Осыдан кейінгі құттықтау легі Бұлар батыр ауылында жалғасты. Мұнда ұлты дүнген, жесір қалған жалғызбасты ана Софиян Исхароваға үй берілді. Баспаналы болғандарды Сержан Қуанышев, Лугмар Буларов құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай Софиян Исхароваға салтанатты түрде үйдің кілтін ұсынса, ұлттық киім киген аналар қазақ халқының салтымен мерекелі шашу шашты.
6 бөлмелі үйдің 15 сотық жері бар, барлық жағдайы жасалған. Үй иесі баспаналы болған қуанышын жасырмай, көпшілікке алғысын айтты.
– Менің күйеуім жол апатынан қайтыс болып, екі баламмен жалғыз қалдым. Қиын жағдайға тап болғанымды естіген ауыл тұрғындары ақша жинап, осындай керемет үйді салып берді. Осы істе қол ұшын беріп, көмегін аямаған барша азаматтарға алғысым шексіз, – дейді үй иесі.
Сондай-ақ, осы аймақтағы «Асар» жобасын алға тартып жүрген дүнгендер қоғамдық қауымдастықтың жетекшісі Айша Идыбоның айтуынша, асар дәстүрі мұнымен тоқталмай, жалғасын табатын болады. Жақын арада мұқтаж жандарға тағы баспана сыйлау жоспарларында бар.
Бұған қоса, айта кету керек, «Ынтымақты елдің іргесі берік!» жобасы аясында аталмыш этномәдени бірлестіктің төрайымы арқасында қайырымдылық қор ашылып, аудан тұрғындары оған қолдау көрсетіп, соның арқасында мерекеге орай, 30 отбасы да шаттыққа бөленді. Қайырымды жастардан құралған дүнген еріктілері аз қамтылған отбасыларын азық-түліктермен қамтамасыз етті. Осыған орай, Сортөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шисыр Динлосан: – Біз қазақ халқының алдында қарыздармыз. Ата бабамыз жүз қырық жыл бұрын келгенде қазақ бауырлар бізге қоныс берді. Содан бері өсіп-өндік, көбейдік. Кейінгі жастарға дұрыс тәрбие беріп, қазақ халқының көрсеткен қамқорлығын ұмытпау біздің парызымыз! Дүнген халқының атынан үлкен алғысымды айтамын, – деп, қазақ халқына, Елбасы мен Мемлекет басшысына деген алғысын білдірді. Осыдан соң, «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің өкілдері және қайырымды жастардан құралған дүнген еріктілері аз қамтылған отбасыларына азық-түлікті жүк көлігіне тиеп, көмекке мұқтаж отбасылардың үйлеріне апарып таратты. Қайырымдылықтың шапағатын сезінген отбасылар да өз кезектерінде шынайы алғыстарын жеткізді. Игі істерді жүзеге асыру адамдардың мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін арттырып, Қазақстандықтардың бірлігін одан әрі мығымдай түсері сөзсіз.
Жамбыл облысы әкімдігі
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы