Жаңа даму жолындағы бірлік құны

Бүгін, үстіміздегі жылдың  29-сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы өтті.

Сессияға республикалық және өңірлік ассамблеяның мүшелері, қоғам қайраткерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, Парламент депутаттары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және  республикалық  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Оның онлайн және офлайн форматтағы жұмысына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ ішкі саясат басқармасының, “Қоғамдық келісім” КММ өкілдері, ҚХА мүшелері, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері белсенді қатысты.

ҚХА-ның бүгінгі ХХХІ сессиясының негізгі мақсаты – саяси реформа жағдайында Ассамблеяның қызметін қайта форматтау.

Сессияның күн тәртібінде тақырыбы  «Халық бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» деп белгіленді және өз сөзінде  Мемлекет басшысы төзбеушілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды.  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді. Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамы өмірінің барлық саласында, ҚХА рөлінде, этносаралық қатынастар мен Қазақстан халқының бірлігінде болып жатқан өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды. Мемлекет басшысы «жаңа Қазақстан»  серпінді дамып келе жатқан әлемдегі қазақстандық жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың жолы екеніне назар аударды. Ол Ассамблея мүшелерін жаңа Қазақстанның мақсат-мұраттары мен құндылықтарының жолсерігі болуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын қайта жаңарту туралы сөз қозғап, этномедиация оқу орталығын құру және ғылыми-сарапшылық құрылымның әлеуетін арттыру, ақпараттық жұмысты күшейту, саяси реформаларға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.

Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін  әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!, – деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сессия барысында, отырыста сөз сөйлеген спикерлер – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Наталья Калашникова, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Сергей Огай, «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Максим Рожин, саяси шолушы Никита Шаталов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Азаттық Рухы» агенттігінің тілшісі Надежда Палинка, «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық бөлімінің төрағасы Әскер Пириев және музыкант, блогер Алексей Лодочниковтер сөз сөйледі. Олар  Қазақстанда әрбір этнос үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, ҚХА-ның этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған жұмысы, жастар жобалары, тіл мәселесі, журналистің ақпарат беру кезіндегі этикасы туралы және ақпараттық алаң мен блогосферадағы құқықтар мен жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы құнды ұсыныстар айтылды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы