БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 18 қазанында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің ұйымдастыруымен Байзақ ауданында «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізді.

Коучинг барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Айгүл Абдрахманова «Қарым-қатынас және конфликт» және «Жеке адамдар арасындағы қақтығысу. Конфликтілердің алдын алу жолдары» тақырыбында баяндама жасаса, Жамбыл облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскері, практик-психолог Жұлдыз Шерметова «Жағымды қарым-қатынас құпиясы» тақырыптарында қатысушылармен семинар-тренингтер өткізді.

Аталған семинарға мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, жастар және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикер мен тренерлер тиісті жауаптарын беріп, іс-шараны қорытындылады.

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН – АДАЛ АЗАМАТ

Бүгін Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің өкілдері Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің офицерлері және әскери қызметшілерімен кездесу өткізді.

Кездесуде «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы көтеріліп, республикалық «Салауатты сана» жобасы таныстырылды.

Өңірлік әскери бөлімдермен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында өткен шарада Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, Республикалық, Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің жетекшісі, облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова мен «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» РҚБ Жамбыл облысы филиалының төрайымы Фарида Нақыш жастар арасындағы түрлі әлеуметтік кеселдермен күресу туралы сөз қозғады.

Асқарбек Ақылшаұлы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы турасында кеңінен ой қозғады. Елдің ертеңіне сеніммен қарау үшін бүгінгі ұрпаққа өте жақсы тәрбие беру, табанды, талапты болуларына баса мән беру керектігі айтылды. Адал азаматтар қоғамның, елдің айнасы болып қана қоймай, ұрпақ санасына бағыты түзу, жарық сәуле сыйлайтынын жеткізді.

Ал, Сара Манкизқызы ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасына сай ҚХА Аналар кеңесінің жасақтаған «Салауатты сана» жобасын таныстырды. Жастарды буллинг, суицид секілді дүниелерден аулақ болу керектігін алға тартып, сау сана, салауатты қоғам құру қажеттігіне тоқталды.

Ел егемендігі мен патриотизм тақырыбы да аталған кездесудің арқауына айналды. Бұл туралы өз ойын білдірген Фарида Фаридовна «Отаны бірдің –жүрегі бір» дей келе, ынтымақ пен бірліктің алтын қазығына айналған байтақ елдің бәсі биік болу үшін барымызды салуымыз керек деген тоқтам жасады.

Жиын соңында кездесуге қатысқан ҚХА өкілдері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің командирі полковник Ғазиз Кәдірбектің Алғыс хаттарымен марапатталып, естелік суреттерге түст

«МАРІЧКА» ХАЛЫҚТЫҚ АНСАМБЛІНЕ – 20 ЖЫЛ

Мәдениет саласына өзіндік үлесін қосып жүрген облыстық «Днепро» Украин этномәдени орталығының «Марічка» халықтық ансамбліне биыл – 20 жыл толды.

Осыған орай, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Өңірімізге белгілі вокалдық ансамбльдің мерейтойына арналған шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова сөз алып, аймақ мәдениетіне айтарлықтай үлес қосқан ансамбль мүшелерін марапаттады.

Одан кейін сахнаға «Днепро» Украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко шығып, өнер ұжымының құрылу тарихы мен алғашқы құрамы жайлы айтып өтті. Айта кетейік, ансамбль ұжымы құрылғалы бері тыңдармандарды ерекше дауысымен, ырғағымен тәнті етіп, облыста өтетін мәдени шараларға белсенді қатысады.

Қалалық Мәдениет үйінде өткен мерекелік кеште өнер ұжымы көрермендерге концерттік бағдарлама әзірлеп, кештің шырайын келтірді.

Атап өтсек, ансамбль репертуарындағы «Ти ж мене підманула», «У сусида хата біла», «Несе Галя вода», «Арыс жағасында», «Марічка», «Червона Рута», «Гуцулка Ксеня», «Черемшина», «Маруся» секілді жанды дауыста таңдаулы әндер шырқалып, көрермендердің қошеметіне ие болды.

Дәл осы шараға мерейтой иелерін құттықтауға өзіне 50 жыл толып отырған — «Красная гвоздика» шығармашылық тобы келді. Аталған ансамбль ардагерлерінен құралған халық хоры және В.Сорокин басқаратын «Асыл Ана» халық вокалдық ансамблі де, басқа да әртістер өз репертуарындағы әсем әндермен мерейлі кештің сәніне зор үлесін қосты.

Олардың орындауында «Слава тебе, Мой Казахстан», «Хлеб всему голова», «Осенний сон», «Ехал я из Берлина», «Угәй-ай», «Ах, Самара городок» және т. б. бірқатар әндер шырқалды.

Әндердің ерекше мелодиясы, музыканың тереңдігі мен әсемдігі, мюзиклмен жеткізілген күлкілі де қызықты қойылған сахналық көріністері, әртістік қабілеттері, орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетінің жоғары деңгейі көрермендерді қуантты.

Мерекелік концерт жоғары деңгейде өтіп, көрермендер үшін де, орындаушылардың өздері үшін де нағыз мейрамға айналып, келушілердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ-ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 18 қазан – ҚР Рухани келісім күніне орай «Бейбітшілік пен келісім – ел дамуының негізі» атты кітапханалық саммит өтті.

Кездесуге Жамбыл облысы дін істері басқармасының «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің инспектор-талдаушысы Батырбек Атамқұлов, Жамбыл облысы орталық Һибатулла-Тарази мешітінің бас имамы  Бейбіт Мырзагелдиев және осы орталықтың медресе колледжінің мұғалімі  Нұрсұлтан Зулпыкаров, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева, Тараз қаласы Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Жамбыл облыстық «Манас Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаев қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар қоғамдағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу, жастардың діни сауаттылықтарын қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, кітапхана оқырмандарына рухани тазалықтың, ар-ұят пен адалдықтың мызғымас тірегі дін екендігін тілге тиек ете отырып, жастарды жат ағымның жетегінде кетпей, тек сенімді ақпараттарға сену керектігін жеткізді.

ЖОБА ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ДӘРІПТЕЛДІ

ҚХА-ның «Тіл мектебі» жобасы – түрлі этностар өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен тарихын тануға бағытталған бастама. Аталған жоба шеңберінде Меркі ауданы «Тұран» демалыс аймағында еліміздің әр аймағынан жиылған 40-қа жуық қатысушы шараның төртінші күнін мерейлі Меркінің көрікті жерлерімен танысудан бастады.

Бұдан кейін тіл үйренуші жастарды Меркі аудандық ҚХА Ақсақалдар және Аналар кеңесінің өкілдері Қостоған ауылы Жаңатоған ауылдық округінің мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен қарсы алды. Бұл күні жастарға қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері кеңінен дәріптеліп, тарихы таныстырылды. Ауылдық мәдени мекемеде қатысушыларға арналып қазақ, түрік, өзбек, әзірбайжан, украин халықтарының ұлттық астары әзірленіп, дастархан жайылды. Қазақтың қазысы мен қартасы, қымызы мен құрт-ірімшігінен дәм татқан тіл игеруші жастар ерекше тамсанып, қызығушылық танытты. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің құрт жаю, таба нан пісіру, киіз басу, кілем тоқу, жүн сабау, ұршық иіру, қонақ кәде сынды дәстүр жоралғылары көрсетілді.

Шара одан ары Қостоған ауылдық #14 орта мектебі оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жиында тіл жанашыры, жоба спикері Жанат Қажығалиева, Меркі аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, облыстық “Қоғамдық келісім” КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, блогер, тіл жанашыры Анастасия Ульченко сөз алып, жастарға жобаның беретін мүмкіндігі мол екендігін айтты.

Мемлекеттік тілді өзге этнос жастарына меңгертудің әдістерін заманауи тұрғыда жеткізіп жүрген Украин қызы Анастасия Ульченко қазақтың ибалы келіні. Салт-дәстүрді берік ұстанған тіл жанашырына аталған мектептің зейнеткер ұстазы, “Білім беру саласының үздігі” Ольга Федоровна ақ орамал жауып, ілтипатын білдірді.

Кездесуде аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Қайнаркүл Татықұлова бірлікке ұйыған елге береке ұялайтындығын айтып, жастарға ізгі тілегін жеткізді.

Үлкендердің ақ батасын алып, жылы лебізін тыңдаған қатысушылар да сый кәде ретінде ән мен биден шашу шашып, қошеметке бөленді. Шара барысында ауыл жастары мен Ассамблея жастары арасында мәдениетаралық диалог орнады.

Жиын соңында шараны ұйымдастыруға атсалысқан аудандық Ақсақалдар және Аналар кеңесіне “Қоғамдық келісім” РММ-нің Алғыс хаты табысталды.

РУХАНИ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК НЕГІЗІ

Бүгін Достық үйінде облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани келісім күніне» орай діни бірлестіктер мен дін саласындағы сарапшылардың қатысуымен кездесу өтті.

Діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алу мақсатында өткен шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдері, өңірлік этномәдени бірлестіктер, Христиан бағытындағы діни бірлестік мүшелері, дінтанушы, психолог және теолог мамандар мен облыс, қала және аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.

Қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық, толеранттық, рухани келісім идея-ларын насихаттауға бағытталған жиында Астана қаласындағы «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы қоғамдық қоры басшысының орынбасары Әлім Шауметов мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласындағы өзекті мәселе¬лерге тоқталып, қоғамдағы рухани келі¬сімнің бағасы қымбат екенін атап өтті.

Сондай-ақ, азаматтарды ортақ рухани-адамгершілік құндылықтарға топтастыруды мақсат еткен басқосуда сарапшылар өңірдегі түрлі конфессиялар мен этностар өкілдерінің өзара түсінісіп, қарым-қатынасын одан әрі дамытуы үшін осындай кездесулерді алдағы уақытта да өткізуге уағдаласты.

«НАН КҮНІ» АТАЛЫП ӨТТІ

Жақында өңіріміздегі Балаларды қолдау орталығында  ҚХА жанындағы Аналар кеңесі  жетекшісінің орынбасары Аракси Плетневаның ұйымдастыруымен «Нан күні»  аталып өтті.

Аталмыш мерекеде орталықта тәрбиеленетін 8 түрлі этнос өкілдерінің балалары 8 елдің   нан түрлерін дайындап, шығу  тарихы мен дайындалу жолын слайд арқылы көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара барысында Поляк ұлттық мәдени орталығының  мүшесі Алексей Владимирович балалармен  бірлесе ұннан түрлі  нан өнімдерін әзірлеп, шеберлік сағатын өткізді.

Сондай-ақ, шара соңында қатысушыларға түрлі нан өнімдері толтырылған  себеттер  сыйға берілді.

Айта кетейік, елімізде 2019 жылдан бері қазақстандық диқандардың, ұн тартушылар мен наубайханалардың еңбегін елеу мақсатында арнайы «Нан күні» мерекесі белгіленген болатын.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТІЛ МЕКТЕБІ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 14 қазанында Меркі ауданына қарасты «Turan»  демалыс аумағында  ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қоғамдық келісім» РММ-нің ұйымдастыруымен  Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктеріне арналған «Тіл мектебі» жобасы өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға биыл еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық адам қатысуда. Этностар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу, оқытудың жаңа әдістемелерімен  таныстыруды мақсат еткен шараның ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев, республикалық «Ассамблея жастары» ҚБ төрағасының орынбасары, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева қатысып, тіл тынысын ашатын тәлімі мол  жобаның маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, аталған жоба аясында мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттенген қатысушылар бес күн бойы арнайы жаттықтырушылар мен әдістеме авторларынан білім алатын болады.

ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚПЕН КЕЗДЕСУ

Жас жеткіншектердің бойында қазақстандық патриотизм мен мәдени мұраны қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Гродеково ауылының орта мектебінде “Карачаевцев және балкарцев – бірлік” РҚБ “Архыз” филиалының басшысы, осы оқу орнының түлегі Лели Удденованың 11 “Б” және 11 “В” сынып оқушыларымен кездесуі ұйымдастырылды.

“Ынтымақтастық — достық белгісі” тақырыбындағы іс – шара Жамбыл облысының 85 жылдығына арналды.

Кездесу барысында бірлік пен келісім, достық, ынтымақтастық, патриотизм, мәдени мұра, маңызды моральдық қасиеттер және т.б. туралы айтылды.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ НЕМІСТЕР ҚОҒАМЫНА — 35 ЖЫЛ!

2024 жылғы 13 қазанда «Қоғамдық келісім» КММ, Достық үйінде Жамбыл облысындағы Немістер қоғамы қызметінің 35 жылдығына орай мерекелік концерт өтті.

Іс-шара түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен болды. Салтанатты сәт марапаттау рәсімінен басталды. Марапаттау барысында немістер қоғамының белсенді өкілдері марапатталды. Олар осы этномәдени бірлестіктің президенті Александр Гибнердің қолынан алғыс хаттар алды.

Шара концерттік бағдарламаға ұласып, онда «Эремурус», «Singende Herzen», «Sterne», «Medival», «Juwel», солистер Максим Новиков пен Вероника Середа және басқа да вокалдық және хореографиялық ұжымдар түрлі шығармашылықтың сәніне айналды.

Концерттің ерекшелігі — өзінің керемет қойылымымен Түркиядан келген қонақ — «Жүзім сүйегі» әнін орындаған Нурие Молохасанның келуі болды.

Көрермендер дәстүрлі «Қазақ биі», көңілді және әрдайым әр түрлі сипатта биленетін «Полька» және «Марилена» , сондай-ақ, талғампаз «Тирол вальсі» билері мен «Аморе мио» және «Mein Schatz» романтикалық әндері, «Маруся және самовар» және «Beim Kronenwirt» және басқа да таңғажайып концерттік нөмірлер тамашаланды.

Сонымен қатар, көрермендерге Жамбыл облысы Немістер қоғамының қызметіне арналған, осы этномәдени бірлестіктің этносаралық қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі жетістіктері мен үлесі туралы баяндайтын фильм көрсетілді.

Іс-шара барысында қатысушылар қолөнердің ұйымдастырылған көрмесінде қолданбалы шығармашылық үйірмелерінің қатысушылары ұсынған экспонаттармен танысты.

Аталған игі шара көрермендерге көптеген ұмытылмас әсер қалдырды.