ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТКІЗДІ
Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Алматы қаласы республикалық Достық
үйінде ҚХА республикалық Аналар кеңесі және «Ариана» ауған орталығы
ҚБ Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының
30 жылдығы: Ана мен бала бақыты – қоғамдық тұрақтылықтың негізі»
тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Ауқымды жиынға Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму
басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Жобаларды іске асыру және
ҚХА құрылымдарымен жұмыс» бөлімінің бас сарапшысы Аққу Қаратаева
және өңірлік ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова
онлайн түрде қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы
Назипа Шанаи өзінің сөзінде ҚХА-ның 30 жылдығы аясында еліміз бойынша
өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталып, Аналар кеңесі қызметінің негізгі
міндеттеріне, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана»
жобаларына тоқталды. Бұл жобалар нашақорлық, лудомания, тұрмыстық
зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға
бағытталған жұмыстарды қамтиды.
Іс-шара барысында отбасының қоғамдағы рөлі, өмірлік қағидаттарды
қалыптастырудың маңыздылығы, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық дәстүр мен
рухани құндылықтар мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылар арасында «Ақ орамал»
акциясы өтті.

