АССАМБЛЕЯ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров БАҚ өкілдерімен баспасөз жиынын өткізді.

Брифинг барысында Ғұлам Мұхтарұлы ҚХА-ның қайырымдылық қызметі, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған «Жүректен жүрекке» акциясы туралы мәлімдеді.

Қазіргі таңда Ассамблея қайырымдылықпен белсене айналысатын ұйымға айналды. Елімізде орын алған түрлі табиғи апаттар мен тосын жайларда ұйым мүшелері көмек қолын созудан іркіліп қалған емес. Осы орайда, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестік өкілдері, аудан және қала тұрғындары, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық білім және жастар саясаты мәселелері басқармалары мен кәсіпкерлер жұдырықтай жұмылып, төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға арнап гуманитарлық көмек көрсетті.

Айта кетейік, апат болған аймаққа Жамбыл облысынан барлығы

56 688 450 теңге көлемінде көмек берілді. Халық даналығында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ҚХА тарапынан тасқын қаупі сейілгенше қайырымдылық шаралары жалғасын табатындығы айтылды.

Брифинг соңында Ғ.Умаров БАҚ өкілдерінің тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.

Ағымдағы жылдың 11-12 сәуірінде қоғамдық бірлік пен келісімді…

Ағымдағы жылдың 11-12 сәуірінде қоғамдық бірлік пен келісімді сақтау және нығайту мақсатында  2024 жылға арналған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында іске асырылатын іс-шаралар жоспары аясында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері Мойынқұм ауданында кешенді шаралар өткізді.

Арнайы жұмыс тобы Мойынқұм ауданы, Мыңарал және Шығанақ ауылдарының тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараға барлығы  60 адам қамтылды. Аталған жоба аясында алдағы уақытта да облыстың өзге аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Республикалық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталығының» облыстық филиалы апат…

Республикалық «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталығының» облыстық филиалы апат аймағына гуманитарлық көмектің кезекті легін жіберді. Азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті тұрмыстық заттарды Қордай ауданы, Масаншы және Сортөбе ауылдарының тұрғындары 2 жүк көлігіне тиеп, жөнелтті.

ӨЗБЕК БІРЛЕСТІГІНІҢ АНАЛАРЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Олыстық Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің өкілдері Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесін атап өтті.

«Сумаляк-Наурыз» атауымен ұйымдастырылған мерекелік жиында өзбек ұлтының бесікке салу, беташар секілді дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық құндылықтары ұлықталды. Кеңестің төрайымы Дилиорум Каримова бастаған аналардың ұйытқы болуымен келген меймандарға кең дастархан жайылып, мерекенің бас тағамы бидай дәнінен сумаляк әзірленіп, қонақтарға ұсынылды.

Жиын басы қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдиновтың алғысөзімен басталды.

Мерекелік думанда «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, айтулы күннің маңызына тоқталды. Күллі Түркі халқын береке мен бірлікке бастайтын мерекеде Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов және күрді этносының ардагер ақсақалы Сулейман Абдукаримов ақжарма тілектерін білдірді.

«Бақыт» вокалды-инструменталды ансамблінің жетекшісі Абдурашид Балтаходжаев қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ән салып, кештің шырайын келтірді.

 

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындату керек. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында жастармен кездескен ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-аудармашы Камал Әлпейісова осылай деді.

Келелі кездесудің қонақтары жастарға Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған отбасы құндылығы, лудомания мен діни ағымдарға көзқарас, мәдениет пен руханият тұрғысында кеңінен баяндады.

Күні кеше елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін Заң мақұлданған болатын. Ал жаңа Заң жобасын ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып қолданысқа енгізу қажеттігін Нәзипа Ыдырысқызы тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысатын мамандық иелеріне түсіндіріп өтті.

Дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.Себебі, еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы білімге, мәдениетке және ұлттық тәрбиеге байланысты. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам биік дәрежеге жетеді.

Камал Әбілқасымқызы «Қайтсе ұрпақ өрелі болып өседі?» дей келе, қазіргі күні елімізде арабтарға еліктеу мәселесі елең еткізіп отырғанын айтты.

Сондай-ақ, жиында өскелең ұрпақты өз ұлтына деген сүйіспеншілікке шақырып, жастарды көбірек кітап оқып, рухани бай болуға үндеді.

Кездесу соңында жазушы студенттермен сұхбат құрып, шығармаларымен таныстырды.

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ НЕГІЗІ

Бүгін Таразда ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанай аймақтағы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері және іскер әйелдермен кездесті.

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында өткен басқосуда Нәзипа Ыдырысқызы ҚР Сенатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң жобасының мақұлданғанын ерекше атап, аналардың ортақ жеңісі екенін алға тартты. Аталған Заң аясында қоғамда түрлі қауесеттер тарағаны белгілі. Осыған орай, Нәзипа Шанай аналарға жаңа заң аясында халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген негізгі мәселелерге де тоқталды.

– Қазіргі таңда өзге діни ағымның жетегіне еріп бара жатқан жас жеткіншектер жайы алаңдауға негіз болып отыр. Тіпті, ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ал ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл әуелі үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек, – дейді Нәзипа Ыдырысқызы.

Қоғам дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жайы да басқосуда кеңінен қаузалды. Бүгінде елімізде 12000-ға жуық жасөспірім тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бар отбасында тәрбиеленуде. Жиында орталық директоры және облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали өскелең ұрпақ арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіздік сағаты» жобасы туралы мәлімдеді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу арқылы ғана салауатты ұрпақ қалыптастыра алатынымыз анық. Маңызы мол жиында облыстық Аналар кеңесі – ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Хадиша Оспанова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әйгерім Дәулетбаева, «Республикалық және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің» Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, облыстық «Аналар алқасының» мүшесі Жамал Қалыбекова, еңбек ардагері, заңгер Күлзипа Абдрахманова және Әл-Фараби атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі Айнұр Жексембиновалар жастар арасында қоғамдық еңбек рөлін арттыру қажеттігін баса айтты. Одан кейін бала тәрбиесі төңірегінде күрмеулі мәселелерді тізіп, ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде Нәзипа Шанай қатысушылар тарапынан айтылған басты мәселелерді назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктің мүшелері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-аудармашы Камал Әлпейісовамен кездесті.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктің мүшелері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-аудармашы Камал Әлпейісовамен кездесті.

Қазақтың зиялы қауымы мүшелерін тарта отырып, этностарды қазақ қоғамында интеграциялау, ұлттық бірлік пен азаматтық құндылықтарды дамыту мақсатында өткен жиында этнос аналары жазушының шығармашылық қырларымен етене таныса түсті.

«Жамбылдықтар шығармашылық шабытымды аша түседі» деп ағынан жарылған жазушы аймақтық аналардың алқалы жиынында ұлтжандылық, Отанды сүю, ел мен жердің қадірін білу, отбасы құндылықтары, аналардың мәртебесін көркем әдебиет арқылы көтеру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар қалам иесі «Отан отбасынан басталарын ескерсек, баланың санасында ерекше қалатын тәрбиені беру барысында оларға кітап оқуды дағдыландыруымыз қажет. Балалар елдің ертеңі. Олар арқылы қоғамға, елге еңбек етер ұрпақ сыйлаймыз. Осыны әрқайсысымыз ерекше ескеруіміз қажет» деді. Аталған мәселе төңірегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайда ерекше атап өткенінде тілге тиек етті.

Камал Әбілқасымқызының шығармашылығына негізінен әйел, ана, тақырыптары арқау. Олардың ішінде «Жигули – таудың аты», «Әйел бақыты», «Шекара асқан сағыныш» атты әңгімелері жамбылдық қыз-келіншектердің тағдырына арналған.

Көгалдандыру – көптің ісі

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара бүгін аймақта «Таза аула! Таза өлке! Таза ел!» атауымен ұйымдастырылды.

Игі іске облыс әкімі Е.Қарашөкеев қатысты. Қаланың көркеюіне бағытталған берекелі бастамада облыстық этномәдени бірлестік өкілдері мен өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері және өзге де мекемелер белсенділік танытты.

Науқанға қатысушылар Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің аумағына қара ағаш, ерен (ясень), бүрлі (туя) ағаштарын отырғызды.

Туған өлкені көркейту, көгалдандыру және жайқалған жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен шарада 50 түп тал отырғызылды.

Айта кетейік, ауқымды акция 5 апта бойы өңіріміздің барлық ауданында өткізілмек.

Қандай қиындық болмасын ел болып еңсеріп келеміз.

Қандай қиындық болмасын ел болып еңсеріп келеміз. Талай нәубетке төзген, бірлігі жарасқан еліміз бұл қиындықты да бірге жеңеді. Дана қазақ халқында төртеу түгел болса төбедегі келеді деген жақсы сөз бар. Ең бастысы әрекет. Әрекет барда берекет болары хақ.

Бүгін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа үндеу жолдады. Соңғы сексен жылдан кейін орын алып отырған апатқа қатысты зардап шеккен әрбір адамды мемлекет ескерусіз қалдырмайтынын, қаржылай тағы басқа да көмектердің берілетінін айтты. Материалдық шығындардың орны толтырылатынын жеткізді. Мұндай апаттан сабақ алатынымызды және алдын алу шаралары барысында кеткен кемшіліктерді түзетіп, көп мәселені реттеу керектігін айтты.

Осы тұста Президентіміздің ел басына күн туған қандай жағдайда да етігімен су кешіп қара халықтың ортасында жүретініне ерекше разы болам. Бұл елім деген ердің ісі емес пе? Оқиға орын алған сәттен халықпен бірге жүр.

Қандай жағдай да халықтың бірлігі жеңіске жеткізеді.

 

Танзиля Апаева, республикалық «Бірлік»  Қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің Жамбыл облысындағы “Архыз” филиалының мүшесі, дәрігер

Халық біріксе алынбайтын қамал жоқ.

Халық біріксе алынбайтын қамал жоқ. Бұл сөзіме елдің басынан өткен түрлі қиын жағдайлар дәлел. Қай кездеде халық болып, ел болып қиындықтарды еңсергенбіз.

Бүгін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта өз үндеуінде дәл осылай деді. Ол жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсеретінімізді, барлығын қалпына келтіретінін айтты.

Соынмен қатар, ең бастысы – азаматтардың амандығы екен ескертті. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға мемлекет ешкімді ескерусіз қалдырмайтынын айтты. Бұл жағдайлар ел билігінде төтенше жағдайларға жауапты арнайы қызметте отырғандарға да басқаларға да сабақ болатынын айтты.

 

Ибрагим Зуфаров,  «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» республикалық ҚБ Жамбыл облыстық филиалының басқарма мүшесі