Ана тілім – айбыным!
Ана тілім – айбыным!
«21 ақпан – Халықаралық ана тілі» күніне орай 2016 жылғы 18 ақпан күні Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім»КММ және облыстағы этнос өкілдерінің қатысуымен «Ана тілім – айбыным!» атты фестиваль болып өтті.
Фестивальдің мақсаты өңірдегі түрлі этностардың ана тілдерін дамытуына қолдау көрсету. Сондай-ақ еліміздегі татулық пен азаматтық келісімді нығайту, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруге және ана тілдерін білуге деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға ықпал ету.
Ана тілі фестиваліне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен әзірбайжан, Жамбыл политехникалық колледжінен қазақ , Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан украин, Жамбыл медициналық колледжінен өзбек, Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжінен түрік, Мемлекеттік тілді оқыту орталығының тыңдаушыларынан құрылған кәріс және дүнген ұлттары белсене қатысты. Тіл фестиваліне қатысқан 8 топ (3 адамнан құралған), «Таныстыру», «Әр елдің салты басқа», «Шығармашылық өнер» тақырыптары бойынша мемлекеттік және өз ана тілдерінде өнер көрсетті.
Қатысушылар ұлттық киімдерін киініп, ұлттық ән-күй аспаптарын ұстанып, мемлекеттік және өз ана тілдерінде: ортақ Отаны – Қазақстанға, оның мемлекеттік тілі – қазақ тіліне деген жылы лебіз, ыстық ықыластарын көркемсөзбен мәнерлеп, Абай мен Мұқағали, Қадыр және өзге де бауырлас ұлттар ақындарының жырларын төгілтті, әсем ән шырқап, мың бұралта би биледі.
Халықаралық ана тілі мерекесін тамашалауға облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңірдегі мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт азаматтары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тіл жанашырлары және облыстағы БАҚ өкілдері қатысты.