Тілге құрмет – елге құрмет
Тілге құрмет – елге құрмет. Тіл- әр ұлттың жаны, мінезі,пейілі, оның көп ғасырлық тарихы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі–қазақ тілі, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жауапкершілігі орасан зор. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасатын қасиетті ұғым – өз ана тіліміз. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі.
Мемлекеттің ұстанған тіл саясаты бүгінде өз жемісін беріп отыр. Көптеген этномәдени бірлестіктер өкілдері, әсіресе жастардың мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасы мен құрметі артып келеді. Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам, мемлекет ісінде өзін-өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек. Жаңа әлемдегі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Осы орайда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы «Қазақтану» бойынша Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық бірлестіктері мүшелері мен этномәдени бірлестіктері өкілдерінің арасында, сонымен бірге облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен «Ақ желкен» жастар лигасы жастарының қатысуымен «Тілге құрмет – елге құрмет» атты интернет-акция өткізілуде.