Таразда «Ырыс пен ынтымақтың мерекесі – әз Наурыз» кең көлемде аталып өтті
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз ежелден ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы –Ұлыстың ұлы күнінің барлығымыз үшін жолы да, жөні де бөлек.
Осыған орай, бүгін Тараз қаласының «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан арбатында, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толуы қарсаңында, өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыруымен, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының қатысуымен «Ырыс пен ынтымақтың мерекесі – әз Наурыз» атты іс-шара жылдағы дәстүрге сай жоғарғы деңгейде аталып өтті.
«Наурыз» күнін мерекелеудегі мақсат – түркі халықтарының салт-дәстүрін дәріптеу, елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Ұлыстың ұлы күні өткен іс-шараға облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, олардың шығармашылық топтары, жастар қанаты, Тілдерді дамыту басқармасының тіл мамандары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының жастары және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.
Мерекенің ең шарықтау шегі – сән-салтанаты жарасқан, қарасаң көзтартар ұлттық киімдерін киген этномәдени бірлестіктері шығармашылық топтарының концерттік бағдарламасы болды. Ерекше әдемі, ашық түстерден ұлттық киімдер үлгісімен өнер көрсеткен этнос өкілдері жиналған жұртшылыққа ұмытылмас көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аллеяға қарсы бетте арнайы жабдықталып тігілген киіз үйден жұртшылық қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көжелерінен дәм татты. Сонымен бірге, жиынға келген жұрт назарына киіз үй ішінде қазақ халқының ұлттық көрмесі де ұйымдастырылды.
Бұдан өзге, мерекелік думанды көруге келген қала тұрғындарына облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының Тілдер орталығы ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді жетік меңгеруге бағытталған викториналық сұрақтар қойылып, оң жауап берген белсенді қатысушыларға түрлі сыйлықтар табыс етілді.
Аталған іс-шара соңы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Тілдерді дамыту басқармасының басшылары – Парида Иманжанқызы мен Хадиша Тұрмағамбетқызы күні кеше ғана өзге этнос өкілдері арасында өткізілген «Қазақ тілі – ғажап тіл» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттауымен аяқталды. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шара жамбылдықтардың көңілінен шықты.
Наурыз мейрамы – қаланың өзге де аумақтарында ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы