Таразда НАУРЫЗ мейрамы тойланды
2018 жылдың 22 наурызында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық» алаңында «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз!» аталып өтті.
Наурыз мейрамын тойлауға ҚХА этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, Аналар, Ақсақалдар, Қоғамдық келісім кеңестерінің, «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері, және БАҚ өкілдері шақырылды.
Ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – облыс этностарының әлеуметтік бірлігін нығайту.
Аталған іс-шарада «Бармағынан бал тамған» және «Этномәдени бірлестіктерінің таланттары» атты шебер қолдар көрмесі және өнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамы – қазақ, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, тәжік, түрік және Қазақ елін мекен еткен басқа да этностардың ортақ мерекесі.
Наурыз мейрамының дәстүрі бойынша әр этнос өзінің Наурызға арналған дәстүрлі тағамдарын әзірлейді.
Бүгін «Достық» алаңында ҚХА 26 ЭМБ мүшелері жиналып, әрқайсысы өздерінің ұлттық тағамдарын алып келді.
Дәстүрлі қазақ елінде Ұлыс күні жыл басы болып саналған. Бұл күні Халық таза, жаңа киімдерін киеді. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарады.
Бүгін өзбектер «Сумалак» тағамын жасаса, қарашай-балқарлар мен түрік, әзірбайжан этностары хычин, ірімшік, брензе және т.б. ұлттық тағамдарын алып келді.
ӨЭМБ мүшесі Аналар кеңесінің төрайымы – Миражапова Мухаббат – ««Сумалак» – бидай ұнынан жасалған тағам. Сумалак – денсаулыққа өте пайдалы тағам. Өйткені жаңа өскен бидай дәрумендерге өте бай. Қыстан адамдар ауырып, әлсіз болып шығады. Ал бұл тағам адам денсаулығына күш-қуат береді. Сонымен қатар бала көтере алмай жүрген әйелдерге де пайдасы мол.
Сумалакты әзірлеу – он күнге созылатын күрделі іс. Ол 24 сағат қайнатылып, қоюлана бастағанда оның қызғылт түсі қоңыр түске айналады. Оны тұрақты түрде араластырып тұру керек. Ең бірінші жасы үлкен әжелер араластырып, бата береді. Содан кейін кім араластырса да, жақсы тілектерін айта араластырады. Сумалак дайындалып жатқанда үйге туған-туыс, көршілер қонаққа келеді. Келген әрбір қонақ құр келмей, өзімен бірге бір тамақ немесе басқалай заттар ала келеді. Дайын болған соң қазаннан барша халыққа сумалак таратылады», -деп тағамын таныстырып өтті.
Қарашай-балқар ЭМБ төрайымы – Узденова Леля Ахматқызы:
«Қарашайлардың тағамдары ет, сүт және көкөніс. «Баста» деген тары ботқа негізгі тағамдарының бірі. Айран, қаймақ, ірімшік кең жайылған. Біз бүгін «Хычин» деген шелпектерімізді алып келдік. «Хычин» – ұннан жасалған тағам, нанның бір түрі. Шелпектің пішіні – шеңбер. Ол табада немесе тандырда пісіріледі немесе майда қуырылады, қабатты (қатпарлы) қамырдан, май мен сүтке иленген қамырдан, тұзданған немесе тұщы қамырдан жасалады. Кейде хычиндарға картоп, ірімшік, ет салып қуырамыз», – деп өз тағамын айтып өтті.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі