ТАРАЗДА НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 26 маусымында Тараз қаласының “Анаға тағзым” орталығында “Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес” күніне орай облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Жасыл сертификат» жобасы аясында «Дәріханалық нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның модераторы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлының өзі болып, маңызды жиынның іс-қимылдарын жоғары деңгейде үйлестіріп отырды.

Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – ҚХА Аналарының қолға алған «Жасыл сертификат» әлеуметтік пилотты жобасын ілгерілету, қоғамда тарап кеткен дәріханалық нашақорлықпен күреске үлес қосу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алып, олардың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету, есірткі қолданудың зияны мен салдары туралы жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын ұстану, насихаттау тұрғысында коалицияға бірігіп жұмыс жүргізу болатын.

Жиынға Жамбыл облысының прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша департаменті, Жамбыл облыстық полиция департаментінің өкілдері және облыс әкімдігінің басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар, қаламыздағы ең танымал дәріханалар өкілдері мен облыстық БАҚ тілшілері қатысты.

Дөңгелек үстел өту барысында бірнеше жылдан бері жас өспірімдер мен жастарды нашақорлықтан түбегейлі ада ету жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан өңірлік Ассамблеяға қарасты Аналар кеңесінің белсенді мүшелері өз ойларын ортаға салып, жастардың болашағына балта шабар, бойы мен ойын меңдеп алған қауіпті дерттен қалай құтқарудың тиімді жолдары турасында өз бағыттарымен бөлісті.

Мәселен, Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Аракси Плетнева Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда балаларды дұрыс тәрбиелеу жөніндегі маңызды тапсырмаларына сүйене отырып, аймақтық ҚХА Аналар кеңесінің осы бағыт бойынша жүйелі де ауқымды жұмыс жүргізіп жүргендігіне тоқтала келе, ақпараттық сипаттағы, әсіресе, синтетикалық есірткінің тез таралуына әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы жастар мен оған тікелей ықпал ететін интернет-сайттар және оларға барлық жолмен тосқауыл қою жөнінде кеңінен баяндап берді.

Сонымен бірге, жастар арасында есірткі, уытты заттарды тұтыну және нашақорлықтың алдын алу шаралары жөнінде Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар баяндама жасап, еліміздің болашағы — жастарды нашақорлық індетінен алыстату бағытында жұмыс тоқтаусыз жүргізілетіндігін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Осылайша қауіпті індетпен күресудің әр түрлі әдістері мен қыр-сырын талдап, талқылап көрсете білген басқа да баяндамашылар мен жиын қатысушылары ортақ бір шешімге келіп, маңызды қадам жасады.

Жиынның ең маңызды сәті, нағыз шарықтау шегі – Жамбыл облысының есірткіге қарсы қоғамдық коалициясы мен дәріханалар өкілдерінің қоғамдық денсаулықты қорғауға және дамытуға деген өзара ортақ тілектерін басшылыққа ала отырып, Меморандумға қол коюы болды!

Нақтырақ айтқанда, қоғамдық коалиция ретінде – Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі, облыстық Ардагерлер кеңесі, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы, «Жер ана» фермер әйелдер қауымдастығы»ҚБ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық ҚБ облыс бойынша филиалы және облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы мен тұтынушылардың көп сұранысына ие белгілі дәріханалардың өкілдері арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, басқа да ірілі-ұсақты дәріханалармен “құпия сатып алушы” жүйесі бойынша бірлесіп жұмыс жасау шаралары алға қойылды