ТАРАЗДА АСҚАРБЕК СЕЙІЛХАННЫҢ “ШЕР-АҒА ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚПАСАМ ДА…” БЕНЕФИСІ МЕН КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Биыл 1 ақпанда Облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Ақылшаұлы Сейілхан мерейлі 75 жасқа толды. Осыған орай, мерейтой иесінің «Шер ағаның шекпенінен шықпасам да…» атты кітабы жарық көрді.

Ағымдағы жылдың 27 ақпанында Достық үйінде өлкенің мәдени, рухани тынысына, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген ел ақсақалының мерейлі мерекесін өскелең ұрпаққа өнеге ету үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бенефис кеш және кітаптың таныстырылымын ұйымдастырды.

Кеш мәдениет майталманының халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жазбаларынан дайындаған қойылыммен басталды. Қойылымда Асқарбек Ақылшаұлы Шераға образымен көпшілік алдына шығып, монолог оқыды.

Журналист, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалықтың жүргізуімен өткен шара «Жамбыл» телеарнасы дайындаған бейнефильмді тамашалаумен жалғасты.

Кеш барысында кітапта баяндалған ерекше оқиғалар турасында кітап авторына, оқиға куәгерлеріне сұрақтар қойылды. Екі жақты әңгіме-сұхбат форматындағы бенефисте актер Асқарбек Сейілханның сахналаған образдарынан Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналық қойылым көрсетті.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың оқулық қоры тағы бір құнды кітаппен толықты. Асқарбек Ақылшаұлының «Шераға шекпенінен шықпасам да…» кітабының таныстырылымын кеш соңында қазақы «сыр сандықты» сиволикалық кілтпен ашып, кітаптарын өскелең жас ұрпаққа табыстады. Ал орталық тарапынан авторға іс-шара басталғалы елдің ықыласы, ізгі тілегі жазылған «тілек кітабы» берілді.

Сондай-ақ, рухани кеште Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Асқарбек Сейілхан туралы естеліктерімен бөлісіп, «Дара» медалін табыстады.

Бұдан өзге, Асқарбек Ақылшаұлына облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев төралқа мүшелерінің атынан «Құрметті ардагер» төсбелгісін, ал журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов Қазақстан журналистер одағының құттықтауын табыстады.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізіп, қазақы дәстүрмен шапан жапты.