Таразда аймақтық ассамблеяның XXIV сессиясы өтті

Ағымдағы жылдың 28 маусымында қаламыздағы Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының «Тәуелсіздікке 30 жыл: бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі» атты XXIV сессиясы өтті.

Дәстүрлі сессияның мақсаты – этносаралық келісім мен қоғамдағы бірлікті одан әрі нығайту үшін облыстық ҚХА-ның мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету болатын.

Сессияға облыс әкімі, аймақтық ассамблеяның төрағасы Бердібек Сапарбаев, облыстық ассамблеяның мүшелері, ардагерлері, Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, басқарма басшылары, медиаторлар мен облыстық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

XXIV сессияның күн тәртібіне «Тәуелсіздікке 30 жыл: бейбітшілік пен тұрақтылық кепілі» негізінде қойылған мәселелер бойынша шешім қабылдау, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының құрамын бекіту, облыстық ассамблея төрағасының Қоғамдық орынбасарын сайлау туралы мәселелер арқау болды.

Сессияға қатысушылар іс-шарада Достық үйіндегі ҚХА көрмесін аралап, ассамблея тарихынан сыр шертіп тұрған кітаптармен, сондай-ақ, этнос өкілдерінің ұлттық киімдері және ассамблея құрылымдарының іс-қимылдарымен танысты.

Жиын Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі – Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлының алғы сөзімен бастау алды. Аймақ басшысы облысмызды құтты мекен, құнарлы жеріне айналдырған этнос өкілдерін кезекті сессиямен құттықтап, күн тәртібінде қойылған бірқатар мәселелердің шешу жолдарына кірісті. Бірінші баяндама Ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы Альбина Тапаеваның еншісіне тиді. Ол өзінің «Жастар арасында ұлттық құндылық процестерін дамыту және насихаттау маңыздылығы» атты өз баяндамасында: – Мен өз сөзімді жақсы жаңалықпен бастағым келіп отыр. ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Рысты Керимбаева Ақпарат және Қоғамдық даму министірлігінің «Ұлттық тәрбие» байқауында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ұлттық ойын макеті жобасымен 4миллиондық грант иегері болды»,-деп атап өтті. Бұдан өзге бас сарапшы ұлттық ойын макетінің қазіргі кездің өзінде бірнеше бала-бақшада қолданыста екенін атап өтті.

Сессияда Жуалы ауданындағы ҚХА меценаты Тейгран Аллахвердиев те «Мен – Тәуелсіздік құрдасымын!» атты өз баяндамасын жасады. Жас меценат «Менің арманым орындалды. Мен құрылысшы болуды армандап ем, қазіргі уақытта құрылыс компаниясының директорымын. Менің басшылығыммен Жуалы және Шу аудандарында күн электр станциялары салынғанын мақтан тұтамын. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында. Бұл еліміздің сындарлы саясатының арқасында. Еліміздің татулығы мен бірлігінің арқасында» – деді. Тейгран Валановичтың бұл баяндамасынан кейін аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы Шу және Жуалы аудандарындағы күн электр станциясы тынымсыз еңбектің арқасында жүзеге асқанын алға тартып, алғысын айтты.

Бұдан өзге XXIV сессияда облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бигелді Тәжібаев, Облыстық ҚХА «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысының мүшесі – Риналь Рахматуллин, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары- Юрий Минаков және Жамбыл облысы «Өзбек ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Диляфруз Кенжеханова сөз сөйледі.

Күн тәртібіне сай келесі мәселелер ХХІV сессиясы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының 2021 жылғы 28 сәуірдегі ХХІХ сессиясында берген тапсырмаларын іске асыруға сәйкес шешім қабылдау, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының құрамын бекіту және облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарын сайлау туралы мәселелер болатын.

Шешім бойынша облыс әкімі Б.Сапарбаев Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен Тараз қаласының және Жамбыл облысы аудандарының білім, мәдениет, тілдер басқармалары және әкімдіктерімен бірлесіп, Қазақстандық патриотизм, азаматтық тең құқылық, мемлекеттік тілдің біріктіретін рөлі, әралуандықтағы бірлік, ұлтты тұрақты жаңғырту ұстанымдарын ілгерілету жөнінде шаралар қабылдау; Тараз қаласының және Жамбыл облысы аудандарының әкімдіктері елдегі этносаралық келісімге нұқсан келтіретін қарсы іс-қимылдардың алдын-алудың пәрменді институты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету; Тараз қаласының және Жамбыл облысы аудандарының әкімдіктері өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған алаңшалар ретінде Аналар кеңестері мен ассамблеяның Қоғамдық келісім кеңестерінің осы тұрғыда жұмыс істеуін қамтамасыз ету; жоғары азаматтық патриотизмнің үлгісі ретінде ҚХА қайырымдылық іс-шараларын өткізуді жалғастыру; Тараз қаласының және Жамбыл облысы аудандарының әкімдіктері этномәдени бірлестіктерінің жұмыстарына қолдау көрсетсін, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ мен облыс әкімдігінің жастар саясаты басқармасы, «НұрОтан» партиясы, білім басқармасы, облыстың жоғары оқу орындары арасында жалпыұлттық бірлікке қатысты мәселелерді бірге шешу, Жамбыл облысының полиэтникалық ортасында толерантты мінез-құлық дағдыларын және мәдениетаралық достық диалогын дарыту үшін бірлескен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою сынды біршама шараларды алға қойды.

Осыған қоса, Жамбыл облысы ҚХА төрағасының Қоғамдық орынбасары қызметіне Қазақстан Республикасы күрдтердің «Барбанг» қауымдастығы республикалық Қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалының төрағасы Латиф Айдаров тағайындалды.

Жиын соңында облыстық ассамблеяның бірқатар мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері облыс әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#24сессияАНК