Таразда ҚХА Журналистер клубының отырысы өтті
Ағымдағы жылдың маусымында Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубының 2021 жылғы алғашқы отырысы өтті. 28-маусым байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға журналистер клубында бекітілген 20-дан астам журналист қатысты.
Жалпы, Журналистер клубы – толеранттылықты нығайтуға, мемлекеттегі этносаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени қауымдастықты сақтауға, журналистік этика қағидаларын сақтауға, дамытуға және енгізуге, сондай-ақ этносаралық тақырыпты жариялау мәселелерінде журналистік қоғамдастықта жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ұйым.
Жиынға облыстың түпкір-түпкірінен келген журналистер, интернет кеңістігінде жарияланымдар жасаушы блогерлер, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова және Баспасөз қызметі орталығы қызметкерлері қатысты.
Кіл журналистерден құрылған клубтың бүгінгі жиындағы шешімін күтіп тұрған мәселелері 2021 жылы атқарылған жумыстарды сарапқа салу, аймақтық журналистердің «Бір шаңырақ астында» байқауына жолдаған материалдарын талқылау және жеңімпаздарын анықтау болатын.
Күн тәртібіне сай ағымдағы жыл бойынша жазылған материалдар мен телеарна, телерадио және интернет желісіндегі жарияланымдар туралы Журналистер клубының төрағасы Саятхан Сатылғанов сөз сөйледі: «Алдыңғы жылдармен салыстырғанда ақпараттық жарықтандыру дұрыс жолға қойылды. Баспасөз беттерінде де, телеарнада да, интернет ресурстарында да аудитория саны артып, қаралымдар жиналуда. Дегенмен, әлі де ақсап келе жатқан тұстар бар. Бұл, өлмейтін тақырып соңынан шыға алмауымыз. Ассамблея елімізді өзге елдерден оқ бойы озық етіп тұрған бейбітшілік пен тұрақтылық негізін қалаушы бірегей институт. Бұл еліміздің саясаты. Ал, елдің әр игі ісін жарқыратып көрсету біздің басты міндетіміз. Олай болса, құрметті қалам ұстаған қауым әрбір қаузайтын тақырыптарыңызды әбден зерттеп, зерделеп барып жазуларыңзды және мейлінше жаңа, әрі тың тақырыптар табуларыңызды өтінеміз» -деп, ойын ашық жеткізді клуб төрағасы.
Күн тәртібіндегі кезек күттірмей тұрған тағы бір мәселе облыстық «Бір шаңыра астында» байқауына қабылданған материалдарды сарапқа салып, жеңімпаздарды анықтау болатын. Конкурсқа түскен материалдар мемлекеттік тілде, орыс тілінде және видео, аудио түрінде үш жақты көзқарастық терсеруден өтті. Қазылар құрамында орыс тілді баспасөз беттері бойынша облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Индира Боташова, телеарна-радио саласы бойынша «Jambyl» телерадио корпорациясы басшысының орынбасары Айбол Қарашев және қазақ тілді басылымдар бойынша республикалық «Айқын» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі, облыстық «Арай» газетінің саясат бөлімінің жетекшісі Саятхан Сатылғанов болды.
Қазылар құрамы қабылданған материалдарға жан-жақты талдау жасай келе бірінші дәрежелі орынды республикалық «Казахстанская правда» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Те Михаил Борисұлына, екінші дәрежелі орын «Jambyl» телеарнасының редакторы Аружан Мақсатқызына және үшінші орын облыстық «Ақ жол» газетінің Шу ауданы бойынша меншікті тілшісі Қартайған Ерғали Асхатұлына лайық деп тапты. 30-ға жуық журналист бақ сынасқан бәсекенің қалған қатысушылары түгелдей ынталандыру сыйлығын иеленді.
Жиын соңы қабылданған шешімдер бірауыздан мақұлданып, байқауға қатысушы журналистер қауымын марапаттау рәсіміне шақырумен тәмамдалды.