ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жылы өткен XXXIII-сессиясында Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының этномедиация саласындағы мамандарының тәжірибесін ҚХА-ның барлық ұйымдарына тарату қажет екенін атап өткен болатын. Осы орайда, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында тәжірибе алмасу мақсатымен Жамбыл облысына Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, аталмыш облыстың ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев келді.

Достық үйінде делегация құрамын Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік ҚХА мүшесі Абдалы Нұралиев, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, медиатор Асқарбек Сейілхан, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали, «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы ҚБ төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева қарсы алып, қазақтың ұлттық 7 тағамын ұсынды. Келген қонақтар әуелі Достық үйін аралап, «Қоғамдық келісім» мекемесінің жұмыс барысына қанықты. Бұдан соң өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен этномедиация кеңесінің отырысы өтіп, онда аймақтардағы медиация институтының өзіндік ерекшеліктері баяндалды.

Алқалы отырыста облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Тоқбергенұлы аймақтағы медиаторлардың бітімгершілік бағытындағы жұмыстары өңірдегі бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен ықпал етіп отырғандығын баса айтты.

Сондай-ақ, «Елдесу және татуласу» жобасы аясында өңірдегі этномедиацияны іске асыру жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар жайын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы баяндаса, облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және Жамбыл ауданы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғамдық медиатор Абдулхалил Маюфи саладағы тәжірибелерімен бөлісті.

Ал облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы Достық үйі жанынан құрылған «Достық» театрының сахналаған «Бір атаның балалары» қойылымы арқылы ауызбіршілік пен достықтың насихатталып жатқандығын айрықша жеткізді.

Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, Маңғыстау облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев пен Маңғыстау облыстық ҚХА мүшесі, «Достлуг» Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Тагиев өңіраралық тәжірибе алмасу жаңа жобалар мен мүмкіндіктерге жол ашатындығын айтып, маңғаз өлке Маңғыстаудағы этномедиация саласындағы негізгі бағыттарды атап өтті.