ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС, БІРАҚ БІРТҰТАС ҰЛТ
Ұлан ғайыр атырапты алып жатқан қазақ жері қандай кең байтақ болса, оны мекен еткен халқының да пейілі сондай кең-дархан.
Дана халқымыз «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады», — деп бекер айтпағанын байқаймыз. Оған себеп Қазақстан әртүрлі этностың бейбітшілікте өмір сүретін ел болып әлемге танылуы. Олар бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті күн кешуде.
Қаншама жылдан бері ынтымақта, бірлікте өмір сүріп келуі қазақ халқының қонақжай екендігін көрсетеді.
«Түрі басқа болса да, тілегі бір. Жүзі басқа болса да жүрегі бір», — дей отыра ұлты, діні, тілі, ділі, салт-дәстүрі қандай болмасын түсіністік танытып, теңдей қарап, құрмет көрсетуде. Біздің әрқайсысымыздың көзқарасымыз әр алуан болса да біртұтас ұлт болуда тыңбай еңбек етіп келеміз. Мен Жамбыл облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған игі істер мен шаралардың барлығына атсалысып келемін. Өзімнің өмір жолымда байқағаным, біздің елімізде өмір сүретін қаншама этнос өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруда қажырлы еңбек етіп келеді.
Этномәдени бірлестіктің басқаруда ҚХА-ның қоғамдық жұмысына белсене атсалысуға үндеп отырамын. Себебі бір ғана Отанымыз бар, оның әр тасы, суы да, құмы да қымбат. Оның салтын,дәстүрін сыйлау-баршамыздың парызымыз. Өңіріміздегі Достық үйінде өтетін барлық шараларда белсенділік танытып келеміз. Біртұтас ұлт екеніміздің тағы бір дәлелі- баршаға ортақ «Алғыс айту күні» , «Наурыз», «Қазақстан халқы бірлігі күні» мерекелерінде өңірдегі барлық этнос өкілдерімен жұмылып, өзімізге берілген міндетті татулықта атқарып шығамыз. Бұл деп отырғанымыз, түріміз,пікіріміз, ойымыз басқа болса да біртұтас ұлт болуда мұның барлығы бір арнаға тоғысады.
Көпэтносты ел болу – біздің байлығымыз, мақтанышымыз.Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы.
Ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегі болып табылады. .
Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз, татулығымыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ.
Жамбыл облыстық «М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева