ТҮРКІСТАН МЕН ТАРАЗДЫ БҮГІН БІРІКТІРГЕН АЛТЫН КӨПІР — КӘСІБИ ҚАЖЕТТІЛІК
Ағымдағы жылдың 19 қарашасында Түркістан қаласының Достық үйінде ҚХА «Достық керуені» жобасы аясында тәжірибе алмасу негізінде «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты іс-шара өтті.
Басты мақсат — екі өңірдің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарына қатысты кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, яғни, тәжірибе алмасу арқылы ассамблеямен тығыз жұмыс жасап отырған жергілікті “Қоғамдық келісім” мекемелерінің өзара білгенімен бөлісіп, жетілдіріп, дамытып, кәсібилікті шыңдауға әкелетін тың жобаларды қабылдау мен меңгере білудің қарқынды үдерісі.
Осы орайда, “Ассамблея жастары” республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Хамида Турдыева мен өңірлік ассамблея жастары жамбылдық делегация қатарында Түркістан облысының “Ассамблея жастары” қоғамдық бірлестігі белсенділерімен кездесті.
Арнайы кездесуде Хамида Кахарджанқызы жастар бірлестігінің 2024 жылы өңірлермен бірігіп өткізген республикалық жастар ірі шаралары, іс-қимылдары —“Бір ел” тарихи-танымдық жобасы және жоғары оқу орындарында “Студенттік ассамблея” ашу жөнінде баяндап, оның маңыздылығы мен жаңашылдықтың тиімді бағыттарымен бөлісті.
Өз кезегінде түркістандық жастар ассамблеясы белсенділері де бір жылда атқарған жұмыстарының қорытынды есебін ортаға салып, еңсерілген істердің ерекшеліктерін тілге тиек етті.
Қос өңір жастарының өз жылдық есептерінен өздеріне айтарлықтай ауқымдылық, игі істердің жемісті нәтижесі байқалды.
Жиын соңында жалынды жастар бір-біріне ортақ — келер жылдың жұмыс жоспарын талқыласты.