ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІ «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІНДЕ»

«Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Аналар кеңесі Меркі аудандық Аналар кеңесімен кездесу өткізді.

Кеңес отырысын облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева ашып, жүргізді.

Алқалы жиында Меркі аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Айгүл Оразбаева құқықбұзушылыққа қатысты статистикаға тоқталса, Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар Ресурстық орталығы КММ-нің психологі Аружан Темірбай жастардың тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, жастардың денсаулығы мен психологиясы туралы айтты.

Сондай-ақ, аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Меркі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова кеңес құрамын таныстырып, ауданда өтіп жатқан жобалар мен ауқымды іс-шаралар бойынша кеңінен қаузады.

Одан кейін Меркі ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова сөз алып, қыз бала тәрбиесі ұлттық тәрбие екенін және аналар ұйымшылдығын тілге тиек етіп, сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық Поляк этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнева мен «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының төрайымы Фарида Нақыш және «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай- балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Леля Узденова аталған нашақорлық, ысырапшылдық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм секілді әлеуметтік кеселдерге тосқауыл қою қажеттігін алға тартып, кеңес мүшелерін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Жиында бұдан өзге ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған жастарға қатысты зиянды әдеттерден арылу, жасөспірімдермен тіл табысу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алу, олармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу сияқты мәселелер талқыланды.

Және аудандық Аналар кеңесі де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бүгінде нәпақа табамын деп, еңбекке ерте араласып жатқан жасөспірімдер жетерлік. Ал оның бала денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп жатқандығына аналар алаңдаулы. Қоғамның өзекті тақырыбына айналған мәселені кеңес отырысында ҚХА Аналары кеңінен тоқталды.

Бұдан соң, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын ілгерілету мақсатында отбасы құндылықтарын сақтау бойынша орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, Меркі аудандық Аналар мен Ақсақалдары мектептерде «Әке», «Ана», «Ата», «Әже» тәлімдерін үйрету орталықтарын ашқан.

Жиын соңында аймақтағы тұтастық пен бірлікті сақтап, ҚХА жобаларын жүйелі жүзеге асыруға атсалысқан аудандық кеңес мүшелері марапатқа ие болды