Мінбердегі міндеттер-мемлекеттің мерейі үшін
Егеменді еліміздің аясында бірқатар этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатқаны-біздің мемлекеттің мерейі. Тәуелсіздік алғанға дейінгі қиын-қыстау кезеңдерде де қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, бір үзім нанды бөліп жегені тарихтан белгілі. 2020 жыл басталғалы Қазақстан Халқы Ассамблеясына 25 жыл толды деп, осы елеулі дата аясында еңселі тірліктер атқарылды. Біздің облысымыздың өзінде-ақ «Бейбітшілік және келісім» жобасы жүзеге асып, көз қуантар тірліктер тындырылды.
Жақында ғана Қазақстан Халқы ассамблеясы кеңесінің отырысы өткен болатын. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Бүгін біз жаңа VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынып отырмыз. Мемлекет басшысы Ассамблеяның XXVIII сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды, онда 9 депутат сайланады. Бұл сайлау алдағы жылдардағы этносаралық қатынастар саласында саясаттың тиімділігін қайта арттыруы тиіс»,-деді өз сөзінде. Сондай-ақ, жақын уақытта жүзеге асуға тиіс 5 міндетті нақтылап соның аясында еңбек етуге шақырды.
Ең алдымен, бірінші міндет-«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы тиіс екендігін баса айтты. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деп атап көрсетті. Бағзы замандардан үзілмей бүгінге жеткен салт-дәстүрлеріміз, жөн-жоралғыларымыз, әдет-ғұрпымызды заман ағымына сай жаңартып, жаңғыртып отырмасақ, ел болып ұйысып, ұлы мақсаттарға ұмтылып, алға жылжымасымыз анық. Рухани бұлақтың бітеліп қалуына жол бермей, сол бұлақтың суынан қанып ішіп, нәрі бойымызға қуат берсін. Тәрбиемізбен берілген біліміміз келешекте біздің бәсі биік бәйгеде оза шабуымызға зор үлесін қосатыны ақиқат.
Ал, екінші бағытта «Ұлттық жаңғырудың басында мемлекеттік тіл мәселесі тұру қажет» деп қадап айтты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы-тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөзіне сүйенсек, қазақ тілін мәртебесін асқақтатуды әр азамат абыройлы міндетім деп ұғынғаны абзал деп есептеймін.
Міне, кеңес отырысында қаралған 5 міндеттің ішіндегі алдыңғы екі бағыт менің көңілімнен шықты. «Бірлігі мықты ел озар» деген қағиданы ұстанатын көшбасшымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың» үлгісін көрсетіп келеді. Қиын сәттерде халықтың жанынан табыла білу, мұң-мұқтажын ескеріп, колдау көрсету-нағыз жанашырлықтың үлгісі. Адамның бойындағы бұл қасиет-тәрбиенің тамыры тереңге жайылғанын аңғартады. Ал, әділетті басшыға артынан ерген халқы қашан да қошемет көрсетіп,
қандай бастама болмасын білек сыбана кірісетіні сөзсіз. Рухани азығы мол ел ғана ұзаққа құлаш сермей алады.
Шу ауданы әкімдігінің ішкі
саясат бөлімінің басшысы
Рахымбаева Айнұр Қамшыбайқызы