МЕМЛЕКЕТ ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ АРАСЫНДА СЫНДАРЛЫ ДИАЛОГ

Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының түйіні осы: «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығымен өркендеуінің негізі» деп аталған құжатта Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты.

Бұл — «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» құрудың алғышарты. Саяси жүйенің бұл формуласын Қ.Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет құрудың және оның тұрақтылығының негізі деп атады. Ал заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін қоғамға бірнеше талап қойылды. Оның біріншісі — партия құрылысы үдерісін жалғастыру болса, екіншісі — халықпен тиімді кері байланыс орнату.

Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдар алдына маңызды міндеттер қойды. Соның бірі — тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, тұрғындармен кері байланыс орнату. Яғни, халықтың қажеттілігіне уақытында шұғыл көңіл бөлу, ашықтық, диалогқа дайын болу мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдығы болуы керектігін баса айтты. Бүгінде Президент Әкімшілігінде азаматтардың өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын арнайы бөлім ашылды, бөлім арқылы кері байланыстың өңірлерде қалай жүріп жатқаны, қай бағытта жұмысты күшейту керектігі жөнінде үнемі ұсыныс беріліп отырылады.

Бұл –еліміз үшін өте үлкен бастама. Кеңестің мемлекет дамуына өзіндік үлес қосары сөзсіз. Диалог алаңы қазіргі қоғамға қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру – үлкен шаруа. Бұл мемлекетке емес, халыққа қажет деп есептеймін. Кеңес арқылы билік пен халық арасында байланыс орнайды. Кеңес мүшелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінеді деп сенемін.

Ең бастысы, кеңесті Президент өзі басқарады, демек атқарылатын шаруалар 100 пайыз нәтижелі болмақ.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

облыстық «Ақжол» газетінің тілшісі,

ҚХА Журналистер клубының мүшесі,

ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының өкілі